Теміртау қаласына «Жыл мұғалімі – 2024» қалалық педагогикалық шеберлік байқауының жеңімпазы анықталды. Кәсіби шеберлік таразыланған байқаудың ақтық мәресінде қала мектептерінен келген сегіз педагог өзара мықтыны анықтады.
Педагогтар үш кезеңде сынға түсті. Бұл – «Мұғалімнің визит карточкасы», «Таратуға тұрарлық педагогикалық идея» тақырыбында ораторлық шеберлікті көрсету және «Мұғалімнің жексенбі күнін» бейнелейтін үй тапсырмасы. Сайыстарда педагогтар дәстүрлі қатал ұстаз бейнесінен шығып, мұғалімнің алдымен жарқын тұлға екенін көрсетті.
Байқау қорытындысында бас жүлдені дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жандос Сембаев жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алды. 100 мың теңгелік ақшалай сертификаттар байқаудың барлық жүлдегерлеріне табысталды.
– Ұстаз болашақтың іргетасын қалайды. Өйткені, оқушының есейіп, кейін маман болып қалыптасуы көп жағдайда оқытушыға байланысты. Мұғалім үйренуден, оқудан жалықпауы тиіс. Бұл байқау – жай ғана жарыс емес, педагогикалық шеберлік пен шабыттың нағыз мерекесі, – дейді Жандос Сембаев.
Аяулым СОВЕТ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz