Руханият

Ұстаз жолы – тәрбие тірегі

Ұстаз – әр шәкірттің бойына жақсы қасиеттерді дарыта отырып, бағыт-бағдар береді. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнап, білім беру саласына өзінің сүбелі үлесін қосқан, өзіндік дара жол салған сәулеш ӘУБӘКІРОВА – ұлағатты ұстаздарымыздың бірі.

Сурет автордан

Адал  еңбегімен, табиғи дарынымен, шәкірт жүрегінен орын алған Сәулеш Жұматайқызы еңбек жолын Нұра ауданында бастап, Қарағандыда жалғастырды.

1996 жылы №36 жалпы білім беретін орта мектебінде химия және биология пәндерінен сабақ берді. Өзінен кейінгі жас мамандарға тәлімгер болып, қамқорлық жасады. Республикалық «Химия мектепте», «Биология мектепте» журналдарында бірнеше сабақтарының әдістемелік үлгілері жарияланып, «Дидактикалық материалдар» атты кітапшасы мектеп мұғалімдерінің қосымша құралы ретінде қолданыс тапты. Білім беру саласына қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін республикалық, облыстық, аудандық Құрмет және мақтау грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. 2007 жылы зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шықса да, мектептің зейнеткер ұстаздарынан құрылған Ардагерлер кеңесінің беделді мүшесі болып, тәжірибемен бөлісіп, кеңес беріп отырды. Осы күнге дейін оқушылармен бірлескен зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобаларды жалғастырып келді. Химия кабинетін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында демеушілік жасады.

Жақында Жайран Рақышева басшылық етіп отырған №36 жалпы білім беретін орта мектебінде «Сәулеш Жұматайқызы Әубәкірова» атындағы химия сыныбы ашылды. Аталған сыныпта мектеп оқушылары ғылыми жобалар қорғап, зерттеулер мен жобалар жасайтын болады. Білімге құмар әр жасөспірім Сәулеш Жұматайқызынан кеңестер алады.

Өнегелі өмір жолын бүгінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында осы күні Сәулеш Жұматайқызының қатысуымен «Өнегелі өмір» жобасы аясындағы «Ұстаз жолы – өнеге» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда Сәулеш Жұматайқызы өнегеге толы өмір жолы жайлы әңгімелеп, оқушыларды ұлтжанды мінезімен, ақынжандылығымен тәнті етті.

Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметованың қолдауымен облыстың білім басқармасы тарапынан білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қарағанды облысының білім саласына еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі табысталып, Құрмет грамотасымен марапатталды. Кездесуде Сәулеш Жұматайқызының «Ой-арманым» атты жыр жинағы таратылды. Шараға мектеп түлектері де арнайы қатысты. Жүректерге жылылық ұялатқан кездесу Ұлы Абайдың әсем де сазды әуенімен өріліп, жанымызға шуақ сыйлады, рухани тағылым берді.

Гүлбаршын ҚАСЫМ,

№36 орта мектептің мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button