Білім

Ұстаз еңбегі – үнемі назарда

Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауының Білім күнімен тұспа-тұс келуі біз үшін ерекше мәнге ие болып отыр. Мамандығым мұғалім болғандықтан, Президенттің білім саласы туралы айтқан әр сөзіне мұқият назар аудардым. «Білім саласына қатысты не айтылар екен?» деп елеңдегеніміз рас. Жалпы, осы уақытқа дейінгі Жолдауларда да білім саласы назардан тыс қалған емес. Пандемия жағдайындағы білім беру үрдісін сапалы жүргізу үшін билік тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді.

Мемлекет басшысы мұғалімдер жалақысының өсетінін және әрі қарай кезең-кезеңімен арта беретінін жеткізді. «Цифрлық мұғалім» мемлекеттік бағдарламасының бастау алатынын да атап өтті. Аталған бағдарламаға сәйкес біліктілікті арттыру бұрынғыдай бес жыл сайын емес, үш жылда бір рет өткізілетін болды. Бұл жаңалықты ұстаздар қауымы оң көзқараспен қабылдайтынына сенімім мол.

Келешекте 1000 мектеп салу туралы айтылды. Бұл – өте құптарлық іс. Білім саласына инвестиция құю арқылы өркениетті мемлекеттермен теңесетініміз анық.

Қысқасы, Президент алға тартса, сең қозғалары анық. Ұстаздар үшін жасалатын осындай қамқорлық пен қолдау қоғамда мұғалімге деген сенімді арттыратыны белгілі.

Нұргүл ШАМАЕВА,

№132 тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button