СССР-Тоқтарға қарыз

Шұбат

Қолға қалам алып, ала қағазға шұқ­шиғанда «СССР-дің соңғы сұңқары» деген тақырып сұранып тұрғандай болды басында. Айныдым. Шаңырағы ортасына түскен СССР-дің соңғы космановы болады. Ал, жемін шашып жейтін Сұңқарды соң­ғы деп айтуға дәтім бармады. Тоқтар Әубәкіров СССР-дің шын мәнінде соңғы, нөмірлесек 72-ші космонавы. СССР-дің космонавтика тарихын Ю.Гагарин бастайды, Тоқтар ағамыз аяқтайды. Әлдебір тыл­сым күш, бәлкім мың өліп, мың тірілген қазақтың ұлына СССР-ді таратып, еліне тәуелсіздік таңы атып келе жатқанын Алла жеті қат көк арқылы сүйіншілеткен болар. Мұның бәрі – тарихи факті. 1991 жылы, 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров өзі айтқандай «Адамдары күнәға батқан, экологиясы ластанған Жерді» тастап, Аллаға жақындап, тап-таза көкке самғаған. Исі түркі тұқы­мынан, мұқым мұсылман әлемінен, боса-болмаса да қазақ халқынан тұңғыш.

Әрине, Атамекеніне оралған. Данышпан Абай атасы да қазағына қанша кейіп, қайғы басып, қапаланса да бөтен жаққа кете алмаған. (Тоғызыншы қара сөзі).

«Туған жерді қия алмай,

Тентекті жеңіп, тия алмай,

Әлі отырмыз ұялмай,

Таба алмадық өңге елді».

(Абай шығармаларының 1-томы, 118-бет, Алматы, «Жазушы» баспасы, 2005 жыл).

Тоқтар ағамызға да Ресей тарапынан үлкен қызметтер, жақсы жұмыстар ұсы­нылған. Кіндік қаны тамған туған жерді, ата-баба мекенін, қазағын қимаған. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстанымы бұл енді.

Мұның бәрі кіріспе болса, әңгімеміздің әлдісі де, әрлісі де шұбаттан шығып кеткен еді. Жылда Тоқтар ағамызды туған күнімен құттықтап қайту дәстүріміз еді. Биыл да бардық. Жаңаарқаның ең тәтті қымызымен қоса, таңсық сусын ғой деп осы Қарағандыда әзірленген шұбат апар­дық. Тамсана сіміріп отырып, тартымды әңгіменің тиегін ағытты. Құлақпен есті­гендер бар шығар, бірақ мен баспа жүзінен оқымаған естеліктері екен Батырдың.

Сонымен, Әлиқисса…

Қымыз

Мысырда жусан жоқ, Ресейде қымыз жоқ. Рас қой.

Құмырсқадай қаптаған крест жорық­шыларын талай рет тас-талқанын шыға­рып, корольдерін тұтқындап, рыцарларын баудай түсірген Бейбарыс бабасы Мысырды билеп тұрғанда Қыпшақ даласының жусанын аңсаған. Тоқтар ағамыз да әс­кери сынақшы-ұшқыш болып, ұзақ уақыт елден жырақ жүргенде Сарыарқаның сары қымызын керемет сағынған екен. Елге, жерге деген сартап сағыныш қой. Бойыңды билеп, ойыңды бөліп әкетіп бара жатыр. Сөзбен кестелеп жеткізу мүмкін емес. Өз басыңнан өткізіп, алпыс екі та­мырыңдағы қаныңмен, тұла бойыңдағы жүй­ке-жұлыныңмен, кеудеңдегі жаныңмен ғана түйсінетін сұрапыл сезім.

Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдар мұғ­дары болса керек. Мәскеудегі ВДНХ-да Қазақстанның әйтеуір бір саяси, мәдени шарасы өтіп жатады. Қазақ не әкелуші еді? Қымыз, қазы-қарта, құрт, бауырсақ.

– Таңғы сағат 7-де кезекке тұрдым, – дей­ді Тоқтар сол күндерді еске ала отырып. – Содан ес кетті, жан шықты дегенде түс ауа әзер кірдім. Буыным босап, әлім кетіп, жүруге шамам келмей қалды. Тепсем, темір үзетін кезім. Сондағы әлсіреп қалған күйіме осы күнге дейін таңқалам. Қазақтың бір жас жігіті «ағай, қымыз таусылыпты, қымыран қалды» деп ағарған әкеліп берді. Сусыным қанбады. Әл-қуа­тым таусылып, көзім қарауытып барады. Қарағандыға баруға бел будым.

Тоқаң бастығына телефон шалып, Қа­рағандыға барып келуге сұранады. Рұқсат алады. Өзі айтқандай дарылдаған төрт моторлы «ИЛ-18» ұшағымен бақандай төрт сағат ұшып, Қарағандының ескі аэропор­тына қонады ғой. Елге, жерге асығып, бір жұтым қымызға зар болып келе жатқан Тоқ­тар ағамызға «ИЛ-18» ұшағы өгіз арбадай көрінген шығар деп ойладым осы сәтте. Дыбыстан жылдам ұшатын «МИГ» пен дарылдаған «ИЛ-18»-ді салыстырып көріңіз. Айтып отырғанда жаным ашыды.

– Қарағандыға табаным тигенде таңғы мезгіл еді. Аэропорт алдындағы шағын сауда жасайтын қатар-қатар тізілген стол­дардың біріне үш литрлік банкімен ағар­ған қоя берді бір апай. Жетіп бардым. Ба­ғыма қарай қымыз екен. Басыма бір-ақ төңкердім, – дейді Тоқаң.

– Қымызы бапты, тәтті ме екен? – деп оқыс сұрақ қойсын Тоқаңа шұбат әкелген Қарағанды хайуанаттар паркінің директоры, өзі сері, өзі әнші Абылай Шуланбаев.

Ал, келіп, күлейік. Сонау Мәскеуден қы­мызды аңсап келгенде сусын ақырып тұрса да бал татиды емес пе? Сонымен, Тоқаң аэропортта аңсап келген қы­мызын мейірлене сіміреді. Маңдайдан суық тер бұрқ етті дейсің… Буын-буынына көшпенділер қаны жүгірді, тұла бойына әл кірді, жүрегіне нұр құйылды, көзі жарқырады, Сарыарқаның салқын самалына апайтөсін керді. Ең бастысы – елге, жерге деген сағынышы сая тапты. Сол бетте такси алып, Теміртаудағы анасының басына құран оқытып, апа-жездесімен, жиендерімен қауышып, сол күні Мәскеуге дарылдаған «ИЛ-18»-бен қайтадан ұшып кетеді.

 

Нағашы

 

Батырды туған күнімен құттықтап, Абы­лай әнмен тербеп, ара-арасында есте­ліктерге кезек беріп отырғанда шұбаттан тағы бір жақсы әңгіме туып кетті. Шұбат ішкен, түйе сүтіне қанған, ана сүтіне жа­рыған азаматтар тұлғалы, ірі денелі келеді деген сөзді кірістіріп жібердім.

– Оның рас. Сегіз қыздан кейінгі жалғыз ұлы – мені шешем Қамия 6 жасқа дейін ана сүтінен айырмапты. Түйе сүтін де бер­­ген екен. Әкем де жай адам емес. Те­мірді сазбалшықтай илейтін ұста. Дегенмен, нағашыларым мүлде алып денелі болса керек. Атқа мінгенде аяқтары жерге тиетіндей тұлғалы, бойшаң, апайтөс, қарулы екен. «Үйдің жақсысы – ағашынан, баланың жақсысы – нағашысынан» деген сөз бар ғой,– деп Батыр жайдарылана жымиып алып, біз бұрын ести қоймаған нағашы жұрты туралы әңгімені сабақтап кетті.

Сегіз қыздан кейін Тоқтардың алдында Қайриден деген ұл туады. Шекесі тор­сықтай, жанары жайнаған ерекше нә­­рестеге көрші әйелдің көзі тиіп, ерте ше­тінеп кетеді. Зарығып көрген ұлдан айырылған анасы қатты қапаланып, қай­ғырып жылай береді екен. Содан анасы түс көреді. Түсінде ақ шапанды, ақсақалды қария: «Қызым, жылама. Мә, мынаны ал деп қос қолына бір нәрсе ұстатып, осы сендердің ғажап жалғастарың болады», деп аян беріп, ғайып болады. Анасы түсінде қос алақанын ашса, аппақ көбелек қонып отыр екен. Ұшып кетпесін деп ала­қанын жылдам жауып, жүрек тұсына баса бергенде оянып кетеді. Содан жылауын қояды. Өмірге оныншы болып арыстай Тоқтар келеді. Атының Тоқтар қойылуы содан.

Ырымшыл қазақ тағы көз тиіп жүрмесін деп нәресте Тоқтарды 40 кемпірдің астынан өткізіп, 40 кемпір әкелген 40 құрақ шүберектен иткөйлек тігіп кигізеді. Сонда анасы 41-де, әкесі 49-да екен. Көлденең кеселден әкесі Тоқтардың 7 айлығында өмір­ден озады. Көз жұмар алдында төсек тартып жатқан әкесіне Тоқтар еңбектеп барған екен. Хал үстіндегі қайран әкесі «ұлымның еңбектегенін көрдім, арманым жоқ» деп Тоқтардың бетінен сүйіп, үзіліп кетіпті.

Абылайдың ән салғанына, ептеп домбыра шерткенімізге разыланып отырды Тоқаң.

– Домбыра тартқым-ақ келеді жасымнан. Бірақ, қонбады. Әкем Әубәкір жай ұста ғана емес, тәп-тәуір күйші де болған екен, – деп Батыр әңгіме ауанын басқа тарапқа қарай – нағашы жұртына аударды.

– Реактивті двигательдің даусынан бәрін айыратын Сізге домбыра тарта алмау әбес емес қой,– деп жатырмыз.

Батыр Болатқожаның (Қаракесек) Құ­дайберлі бұтағынан тарайтын ұрпақ. Өзі­нің айтуына қарағанда ерте заманда жер тарлық етіп, Балқантау, Едірейден Құ­дайберлі бабасы осы Қоянды өңіріне, оның ішінде Қарқаралының қазіргі Ақ­жол селолық округінің жеріне көшеді. Қара­кесектің Шоры қоныс берсе керек. Жер Қаржас атамыздың ұрпақтарымен шекаралас. Содан, өзі күйші, өзі сері Әубәкір сол елге жігіт-желеңдермен қыдырып бармай ма?! Ойын-сауық қызып, ән мен күй шалқиды. Сонда Еңсебай деген байдың бес ұлдан кейінгі алақанға салып, аялап отырған жалғыз Қамия деген қызына Әубәкірдің көңілі құлайды. Қыз атастырылып қойған екен. Әкесінің тамырын басып көреді. Ата-баба дәстүрін қалай бұзсын. Әубәкірдің салы суға кетеді.

Тоқаң бұл әңгімелерді нағашы жұртына барғанда, анасының 100 жылдығына ас бергенде естиді үлкендерден.

Содан ертеңіне Еңсебай Әубәкірді шақыртып, әкең Оңғарбай қызыма құда түс­сін дейді. Бәрі аң-таң. Әсіресе қыз жағы.

– Түнде түсімде «қызыңды Оңғар­байдың ұлы Әубәкірге ұзат. Қазақтың маң­дайына бітетін, халқының атын шығаратын ұл туады» деп ақ сақалды, ақ шапанды абыз қария аян берді. Алып қойған қалың малын еселеп қайтарыңдар. Қызымды Әубәкірге қосамын, – деп Еңсебай кесімді сөзін бір-ақ айтады.

Ата сөзі атқан оқ емес пе? Айтылды – бітті. Оңғарбай берген қалыңмалды Еңсебай бүкіл ауылға ырымдап таратып береді.

– Анам Қамия ерке өскен жалғыз қыз. Бірбеткей өжет мінезі тағы бар. Басында көне қоймапты. Бірақ, әкесінен аса алмапты, – деп Батыр әдемі бір жымиып алды.

Қаржас атамыздың Тоқтардай ұлға нағашы болуы заңды құбылыс сияқты өз ойымша. Шоқандай, Сәкендей Алаш арыс­тарының аналары осы Қаржас баба­мыздың қыздары.

Таратып көрейін. (Көмектескен журналист Аман Жанғожин). Қаржас – Бегім – Сатылған – Таңат – Қожамберді – Томаш – Шобай – Суат – Еңсебай. Еңсебай Батырдың анасы Қамияның әкесі біз әңгімелеген. Бәрі бай-бағылан, батыр болған дейді. Жылқысын санамайды екен. Үлкен сай қыл құйрыққа толса, малым түгел дейтін, Тобықтының Өскенбайымен, Құнанбайымен иық тірескен дейді Тоқ­тардың нағашылары. Бұл енді, басқа та­раптағы әңгіме.

Намыс

Тоқтар ағамыз өте қарапайым. Бұл енді Батырға елінің берген бағасы. Мен айтпасам да, жазбасам да белгілі. Тоқаң ұлтқа бөлінбейді. Соның дәлелі – орыс халқына разылығын айтып отырады. Негізі, халық пен халықтың айырмашылығы шамалы. Көзі көк, шашы сары болар. Бәрі – Алланың пенделері. Ал, би болып, бишік ұстағандар басқа. Соның бірі – Михаил Сергеевич Горбачев. СССР-дің Президенті, КПСС-тің Бас секретары. Шыңғыс хан болмаса да, Шығыс империясының патшасы. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Тоқтар ағамыз Кремльдің Георгиев залында қасқайып тұрып, сол Горбачевті қазықтай қағып, жерге тығып жібергенін білмейді екенбіз.

СССР Тоқтарға неге қарыз? Таратып берейін. СССР-дің 34 космонавы екі рет ғарышқа ұшқан екен. Ұшқан сайын Совет Одағының Батыры атағы беріліпті. Яғни, екі мәрте Батыр. Тек космонавт Г.Береговой ғана Ұлы Отан соғысында Батыр атағын алып, космонавт болғанда екінші мәрте Алтын Жұлдыз тағады омырауына. Тоқтар ағамыз да ғарышқа ұшпай тұрып Совет Одағының Батыры болған. Горбачев осы дәстүрді, рәсімді бұзып, Т.Әубәкіровке СССР-дің ең соңғы Октябрь Революциясы орденін берген. Қазаққа Совет Одағының Батыры атағын қимаған. Батыр өзі үшін емес, қазағы үшін намыстанған сонда.

Ақиқатында Тоқтар ағамыз СССР-ге қа­рыз емес еді.

Қазір әлемде теңдесі жоқ «МИГ» ис­тре­­бительдерінің бәрін шыбын жанын шү­­берекке түйіп жүріп, сынақтан өткізіп берген. Өзім осы Қарағанды аэродромында Семейден он минутта ұшып келгенін кө­ріп таңқалған «МИГ-31» истребителін То­қаң сынақтан өткізіп, аспанда жанармай құйғызып, қазақша айтқанда майлап, сайлап, мәпелеп СССР-ге тапсырған.

Басқасын айтпағанда «МИГ-25» истре­бителін Қиыр Шығыста Беленков деген Жапонияға қондырып, Америкаға ұшақтың бүкіл құпиясын сатып жібергенде СССР-дің әскери әлеуетін тағы Тоқаң әуелеткен. 1979 жылы. «МИГ-25»-тің басқа түрін қа­зақ сынақтан өткізіп берген. Америка тағы қапы қалған. Батыр атағына сол кезде ұсынылған екен. Тоқаң өзінен жасы үлкен полковник шенді орыс ағаларына жолын берген. Мәрттік пе? Мәрттік!

Америкада әлемде теңдесі жоқ он ұшқыштың аты-жөні жазылған тақтада Т.Әу­бәкіровтің аты үшінші болып тұр. Мұнан артық не керек? Қазақ бөркін ас­панға ататын-ақ оқиға ғой. Мұқым мұ­сылман әлемінде тұңғыш деген сөз қол­данғам басында Тоқаң туралы. Сол мұ­сылмандар шын мәнінде біздің Тоқаңды Пайғамбар демейтін шығар, бірақ пір тұ­тады екен. Тәжік-ауған шекарасындағы бізге беймәлім бір шаруаға Тоқаң барады. Тікұшақпен сапарлаған. Ауғаны бар, тәжігі бар, содыры, сойқаны бар – эфирге «Аспанда Т.Әубәкіров ұшып жүр, атыс-шабысты доғарыңдар» деген бұйрық жіберіпті. Тоқтар ағамызды тәу еткен ғой. Тоқаң елге оралғанша мамыражай бейбіт заман орнапты сол жерде. Сол елдің патшасы Тоқаңа таң қалыпты. Айтпаса да белгілі ғой әр жағы.

Тоқтар ағамыз СССР-дің өзіне, қазаққа қарыз екенін айтпайды. Өйткені, ол – бөлек жаратылған жан. Желтоқсандағы намысы аяққа тапталған мұқым қазақтың тот басып, мұқалуға айналған алдаспанын қайрап алып, аямай сілтеген. Мұхтар Мағауин ағасы сияқты. СССР деген империя әлі тұрған ол кезде. Кремльдің награда тапсыратын Георгиев залындағы сөзін қазақшаға аудармай-ақ түпнұсқасында оқыңыздар. (Қазір орысша білмейтін қазақ жоқ шығар).

– Тот, кто не кормит свою армию, тот преклонен кормить чужую армию. Михаил Сергеевич, Вы ведете страну на гибель – депті Батыр.

Тоқаңның жанында СССР-дің Қорғаныс министрі, Маршал Шапошников тұрған екен. «Ну, Аубакиров» дегеннен аса алмапты. М.Горбачев подноспен әкелген шампанды ішпей (бүгінгі күнге дейінгі дәстүрлері осындай) табанын жалтыратыпты. Бұл енді, Тоқтар Батырдың ғана қолынан келетін шаруа.

Батыр бізді шығарып салды.

– Әй, бауырларым, қазақта «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» деген керемет сөз бар. Қазір қоян қамысқа тығылып аман қалады, ер намысын ұмы­тып аман қалады ғой, – деді.

Не айтарымды білмедім.

Мағауия СЕМБАЙ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.