Бас тақырыпЖаңалықтар

Әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты бес лауазымды тұлға ұсталды

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.

Сурет polisia.kz

Олар қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінді.

Ұсталғандар қатарында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар. Барлығы Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқиға 24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы барысында болған. Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде, қолайсыз метеорологиялық жағдайда «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде бірнеше әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен.

Аталған факті бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Тергеу барысында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды ұйымдастыру мен орындау кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы жағдайының ескерілуі және катердің техникалық жай-күйі тексерілуде. Сонымен қатар оқу-жаттығуға және әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның бақылауында.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button