БілімЖаңалықтар

Өсімдіктің емдік қасиетін тапты

Ғылымның даңғылына жол салған Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Аружан Ертуған мен Тоты Лекерова жаңа жоба ойлап тапты. Олар химиялық дәріні алмастыратын өсімдіктен алынған табиғи препараттың емдік қасиетін анықтады.

Бұл жобаны жүзеге асыруға Қарағандыдағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің мамандары көмектескен.


Оқушыларға НЗМ-нің биология пәні мұғалімі Сәуле Нұрсейітова жетекшілік еткен. Сондай-ақ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі стероидтық химия қосылыстары зертханасының меңгерушісі, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Бораш Төлеуов ғылыми кеңесшісі болған. Жетекшілердің көмегімен жас ғалымдар волга сылдыршөбінің емдік қасиетін анықтап, «экдистерон» ұнтағын алуға болатынын байқаған. Бұл өсімдік Қазақстанның әр аймағында өседі екен. Осы шөптен ұнтақты алудың өзі ұзақ процесс дейді өнертапқыштар. Экдистеронның бір қасиеті – суда емес, спиртте ериді. Ал оқушылар осы препараттың суда еритін табиғи нұсқасын тапты. Яғни, волга сылдыршөбінен алынған табиғи зат – экдистеронды емдік мақсатта пайдалануға болады.

– Бұл ұнтақ – ең тиімді шикізат. Өсімдіктен алынған табиғи заттың суда еритін нұсқасын таптық. Мұны организмге енгізгенде сергіткіш қасиет береді. Мәселен, туберкулезбен ауырған адамдардың қайтадан күш жинауына экдистерон жақсы көмектеседі, – дейді Аружан Ертуған.

Зерттеудегі мақсат – препараттың қабынуға қарсы белсенділігін анықтау болған. Оқушылар қабынуға қарсы әсерін зерттеу барысында экдистерон ұнтағына ацетат деп аталатын сірке қышқылын қосып, жаңа қасиетін байқаған. Ол үшін алдымен 32 егеуқұйрыққа тәжірибе жасап, олардың жартысына Натрий диклофенагын, жартысына жаңа кешенді енгізген. Нәтижесінде химиялық дәрі мен табиғи дәрінің әсері бірдей екеніне көз жеткізген.

– Біздің препарат – жақсы көрсеткіш. Себебі, ол өсімдіктен алынған табиғи зат. Зерттеу барысында Натрий диклофенагы мен біздің препараттың беретін әсері бірдей екенін анықтадық. Бұл адамдардың ішкі құрылысына, гормондарға әсер етпейді. Сергіткіш қасиет береді. Бұл ұнтақты капсула түрінде емдік мақсатта фармацевтикада, медицинада қолдануға болады, – дейді Тоты Лекерова.

– Бұл жерде экдистеронның суда еруі, өсімдіктен алынуы жаңалық болды. Болашақта әрі қарай дамыту ойымызда бар. Экдистеронның коронавирусқа қарсы белсенділігін анықтағымыз келеді, – дейді оқушылар.

Бұл жобамен Қазақстандағы Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өткізілген байқауда қарағандылық НЗМ оқушылары бірінші орын алып, республикаға жолдама алды.

Болашақта Аружан дәрігер болуды армандайды. Ал Тоты химиялық инженерия мамандығына оқуға түскісі келеді. «Шетелге оқуға түскіміз келеді, бірақ елге келіп жұмыс істейміз», – дейді олар.

Таудай талабы бар жастарға біз де сәттілік тіледік!

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button