Шын мықтыны қолдау қажет
Дарынды балаларды қолдау арқылы біз білім кеңістігін кеңейтеміз. Президент жаңа Жолдауында осы мәселеге тоқталды.
«Біздің оқушылар халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары болып жатыр. Дарынды балаларды осы ретте жан-жақты қолдау керек. Біз оларға конкурстан тыс бірден грант тағайындау жеңілдігін ұсынамыз. Сондай-ақ, ақшалай сыйақы береміз. Оларды тәрбиелеп, оқытқан мұғалімдерді де моральдық, материалдық тұрғыдан қолдау керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Жолдауында.
Иә, Президенттің бұл бастамасы ұстаздар қауымын шынымен қуантты деп ойлаймын. Қазіргі уақытта жас дарынды балалаларымыз халықаралық деңгейдегі түрлі білім жарыстарынан жүлделі болып жатыр. Алайда, тек мақтау қағазымен ғана марапаттап қоямыз. Енді, қалаған оқуына грантқа түссе, оған жағдай жасалса, тіпті жақсы болар еді. Онда Үкіметтің шарапатын шын сезінген бала бар күш-жігерін білімге, кейін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайтыны сөзсіз. Бұл басқа да білім алушыларға үлгі болар еді. Талпынар еді. Және де көз майын тауысып, шәкіртінің оқ бойы озық келуі үшін күн-түнін жұмсайтын ұстаздарға да қолдау көрсетілетіні қуантты. Әйтпесе, көп мұғалімнің еңбегі елеусіз қалып жатады. Жалпы, жаңа Жолдаудың ұстаз бен шәкірт үшін үлкен жаңалығы осы болды.
Дархан ИСАТАЕВ,
Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары.