Спорт

Шын мықтыға шынайы ілтипат

Кеше облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлем чемпионы Аида Әбікеева және оның бапкерімен кездесті. Аида Сербияның Ниш қаласында 50 елден келген 200 спортшы арасынан топ жарды. Осы жеңістің құнын арттырып, маңызын аша түсер тағы бір жайт, бұл – Аиданың облыста қыздар арасында тұңғыш әлем чемпионы атануы.

Кездесу кезінде Әлібек Әлденей Аиданың командалық есепті де еселегенін атап өтіп, оның келер ұрпаққа үлгі екенін алға тартты.

– Қарағандылық қыздар арасында бірінші әлем чемпионысыз. Сізге қарап, жастар бой түзейді. Әрине, жаттықтырушылардың да еңбегі зор. Сіздер сияқты жас жаттықтырушылар бізге қажет. Мемлекет басшысы жаттықтырушылардың жаңа буынын қалыптастыру керек деп сіздер туралы айтты. Жеңіс әкелетін шәкірттеріңіз көп болады деген ойдамын, – деді.

Құттықтау мен жылы лебізі үшін алғыс білдірген Аида Әбікеева келесі сайыстарға дайындалып жатқанын жеткізді.

– Шілдеде әлем кубогы өтеді және қыркүйекте өтетін екінші әлем чемпионаты бар. Дайындық басталды. Басты мақсат ол – әрине, Олимпиада алтыны. 2027 жыл Астанада 2028 жылғы Олимпиадаға лицензия беретін әлем чемпионаты өтеді. Басты дайындық – сол. Жан-жақты қолдау білдіріп жатқан облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасына, спорт федерациясына, бапкерлер Ислам Әбдірайымов пен Елдос Сайдалинге алғысымды білдіремін, – деді әлем чемпионы.

Ислам Әбдірайымов дайындықтың үзілмейтінін айтты.

– Біз нәтижеге жұмыс істейміз. Ең жақсы бокс мектебі Қарағандыда екенін бәрі біледі. Қолдау жасалып жатыр. Қазір Аиданың нағыз жарқырайтын шағы. Алдағы үш жыл ішінде жетістікке жетуге барын саламыз,– деп атап өтті ол.

Ол сонымен қатар, аймақта спорт базасы болса деген өтінішін де білдірді.
Бұған Әлібек Әлденей аймақта спортты дамыту бойынша бірқатар жобалардың қолға алынғанын жеткізді.

– Спорт кластерін салу жоспары бар, – деді Әлібек Үсенұлы. – Мұндай үлкен көлемдегі спорт кешені ТМД елдері арасында кейінгі жылдары салынған жоқ. Төрт үлкен спорт кешені мен 25 мың адамдық футбол стадионы болады. Сонымен қатар, төрт спорт түріне: күрес, бокс, жүзу мен гимнастикаға арнайы жабдықталатын әмбебап кешен бой көтереді. Онда түрлі деңгейдегі спорттық сайыстар өтеді деген жоспар бар.

Бокс федерациясы бокс бойынша спорттық секцияларды арттыру туралы ұсыныс білдірді. Біз қолдадық. Балалар мен жасөспірімдер сарайында арнайы кабинеттер ашылады. Бокстегі жақсы дәстүрлі сақтап, жалғастыруымыз керек.
Сонымен қатар, кездесу барысында жаңа спорт интернатының құрылысын бастау туралы айтылды. Оған білім алушылар көшірілмек. Ал, қазіргі нысан жөнделіп, заманауи жадбықталып, ұлттық құрамаға арналған база болмақ.
Осы ретте Қарағанды облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Адхам Самат жергілікті билік өкілдері тарапынан жасалып жатқан қолдау мен көмекке алғысын білдірді.

Бокстан Сербияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасының тамаша өнері баршаға аян. Құрама қыздары алты медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орынға ие болды.

Аида Әбікеева сол жарыста ел қоржынына үшінші алтынды салды. 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтық жекпе-жекте таиландтық Тананья Сомнуекті жеңді. Спортшы бұған дейін екі әлем чемпионатына қатысып, ұтылып қалған болатын. Бұл оның қатысқан үшінші чемпионаты. Десе де, осының алдындағы Азия чемпионатында Аида Әбікеева бірінші орын алып, алтыннан медаль қанжығалап қайтқан.
Әлібек Әлденей кездесу барысында Аида Әбікееваға аймақ кәсіпкерлері мен демеушілері атынан 5 миллион теңгеге сертификат, сондай-ақ, облыс әкімдігінің атынан 1,5 миллион теңгеге сертификат табыс етті. Мұндай сертификатқа Аиданың жеке бапкері Ислам Әбдірайымов та ие болды.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button