ШЫҢЫРАУДА ШЫҢДАЛҒАНДАР
«Менің Қарағанды жеріне деген махаббатым ерекше. Мұнда менің еңбек жолым мен саясаттағы қызметім басталды. Осы жерден Қазақстанның индустриялды гүлденуі бастау алады. Мен қашанда кеншілерге ерекше құрмет көрсетемін, өйткені мен кеншілер еңбегімен етене жақын таныс адаммын».
Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақта «Бір адам жаққан отқа, мың адам жылынады» деген даналық сөз бар. Мəні мен мағынасы зор бұл сөз жүрегіне жылылық ұялаған, мол қажыр-қайраттың, төзімділіктің иесі осы өндірісшілерге қарата айтылғандай. Себебі, олар халық игілігі үшін шыңырауда кен қазып, от-жалынға қақталып мыс балқытып, аймағымыздың экономикасын дамытып қана қоймай, еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуда.
Бірінші жарты жылдықты оқыс оқиғасыз аяқтаған Шығыс Жезқазған кенішінің ұжымы төл мерекені де лайықты тарту-таралғымен қарсы алуда. Әсіресе, Дархан Әбдіқасов басқаратын №55 шахтаның еңбек ұжымы ымыра-бірлігі мен шеберліктері арқасында табыс тайқазанын тасқындатуда.
– Жыл басынан бері апатты жағдайларды ауыздықтай білдік. Осы қарқыннан таймауға тырысып келеміз. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қауіп сезілген бетте бірден жұмысты тоқтатуды ұғындырамыз. Өйтпеген жағдайда, адамдар жарақат алып, өндіріс тоқтап, компанияның беделіне нұқсан келері сөзсіз. «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы тарапынан еңбек қауіпсіздігіне жете мән берілуде. Жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігін арттырудың барлық бағыттары айқындалуда. Осы ретте оқыс оқиғалардың алдын алудың кезеңдік стратегиясы жүзеге асырылуда. Қабылданған стратегия бойынша жұмыс істеудеміз, – деген Д.Әбдіқасов жүктелінген міндеттердің орындалғандығын атап айтты.
Шыңырауда шыңдалған шығыстықтар өндірістік көрсеткіштерге жетіп, жоспарды жүз пайызға орындап, қауіпсіздік техникасын барынша ұстанып келеді. Кен өндіру көлемі бойынша – 100, металл алу – 108 пайызға орындалды. Жалпы, ұжымда – 307, қосалқы учаскелерде – 170 адам еңбек көрігін қыздыруда. Негізгі үш өндіру, бір проходка және аттыру учаскесі кеншілерінің қимылы ширақ. Аталмыш телімдер тәулігіне – 1500, 2400 тонна кен өндіріп, бүкіл еңбек ұжымын өрге сүйреп келеді.
№55 шахтаның бас инженері Орынбек Тыныбековтің айтуынша, атақты бригадалар еңбек бәсекелерінде топ жарып жүр. Асылбек Қойлыбай, Болат Молдақұлов, Темірхан Мырзатовтың бригадалары үздіктер қатарында.
Осы жолғы сапарымызда біз №52 кен өндіру учаскесінің бастығы Нұрлан Көккөзовке жолықтық. Ол үздіктер Қайрат Кенжебеков, Айдын Мәденов, Берік Тілеу, Аманжол Шәркенов, Виктор Васильченко, Ерлан Сүлкеев, Жұмабек Сәдуақасовтың есімін құрметпен атай кетті.
– Халықтың құрметіне бөленіп, алғысын арқалаған, ел даңқын асқақтатқан өндірісшілер әр отбасында ұл-қыздарына тəлімді тəрбие бере білген ардақты азаматтар. Олар ең жоғарғы сый мен құрметке әбден лайықты. Сондықтан, біз үшін кенші өмірі, оның денсаулығы бірінші орында, – дейді ол.
2011, 2012, 2014 жылдары еңбек бәсекесінде «Үздік учаске» атанған еңбек ұжымы тәулігіне 1500 тонна (орташа құрамы 1,35) кен өндіреді. Алғашқы жартыжылдың нәтижесі бойынша – 24,100 тонна кен, 489 тонна металл алынды.
Ал, №54 проходкалау учаскесінің бастығы Ұлан Омардың қарамағында жиырмадан аса кенші бар. Олардың арасында Медет Қоңқабаев, Қорған Смайылов, Жасұлан Жылқышинов, Саламат Зиядинов, Ерболат Жүкенов, Ермек Әленов, Мұхтар Дәрібаев, Казимир Вилимовичус, Елдос Жадкеев, Абурайхан Рахымбердиевтің орны бөлек. 2013, 2014 жылдары екі жыл қатарынан «Үздік учаске» номинациясын иеленген еңбек ұжымының ауызбіршілігі жоғары. Сөткесіне – 6, айына – 130 метр ұңғылайтын проходкашылар белгіленген міндеттерді орындап отыр.
Темірхан Мұрзатов Сәтбаев қаласындағы бұрынғы №1 кәсіби училищенің түлегі. Еңбек жолын 2008 жылы №67 шахтада бұрғылаушының көмекшісі болып бастап, «Нұрқазған» кенішінде электрслесарь ретінде жалғастырды. Тиянақтылығымен көзге түскен жас жігіт көп ұзамай Шығыс Жезқазған кенішіне ауысты.
– Мені өндіріске құлшындырған жетекшім Бердіқұлов. Ол осы 55 шахтада өмірбақи тер төкті. Маған үлгі-өнеге бола білді, – дейді ол.
Ал, №52 кен өндіру учаскесінің кен шебері Ерлан Жантілеуовтің жалпы еңбек өтілі тоғыз жылды құрайды. Еңбек жолын «Жомарт» кенішінде бастаған оның еңбегі еш кеткен жоқ. Монтаждаушы, проходкашы, аттырушы мамандығының қыр-сырын меңгерді. Бірнеше рет Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иесі атанды.
– Кеншілердің қажырлы еңбегінің арқасында жоспардан қалмай келеміз. Жастар жұмысқа ғана емес, қоғамдық шараларға да белсене араласады. Түрлі кәсіби байқаулар мен спорттық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мен волейбол командасының капитанымын. Міндетіне сергек қарап, жауапкершілік жүгін сезініп жүрген кеншілерді қалай мадақтаса да жарасады. Әріптестерімді құттықтап, отбастарына амандық, дендеріне саулық, береке мен бірлік тілеймін. Қажырлы еңбектері табысты болсын! – деп ағынан ақтарылды.
Міне, біз мақалаға арқау еткен өндіріс майталмандарының ізгі тілегі осындай. Мереке құтты болсын, шыңырауда шыңдалған шығыстықтар!
Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.