Шығармашылық шыңы – ізденісте

     Мемлекет басшысының мектептердегі білім беру сапасын одан әрі жетілдіруге қатысты тапсырмаларын мүлтіксіз жүзеге асыруды мұрат тұтқан Сәтбаев қаласының ұстаздар қауымы жас буынды оқытудың алуан түрлі әдіс-тәсілдерін сараптап, жаңашыл педагогтердің іс-тәжірибелерін қолданысқа батыл енгізуде. Жуырда «Қызығушылықпен оқу» тақырыбы аясында ұйымдастырылған қалалық деңгейдегі «Шығармашылық күні – 2017» іс-шарасы осы мақсатты меже тұтты. Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде өткен тағылымды жиын барысында жаңа құрылым – қала мектептері басшыларының «Директорлар клубы» тұсауын кесті.

Ілкімді шара барысында жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес, жаңа педагогикалық алғышарттарды қолдану, оқушыларды әмбебап, жаһандық құндылықтармен нәрлендіру, үш тілді білім беру жүйесіне көшуге дайындау, балаларды мамандық таңдауға бағыттау жайын зерделеу мәселесі де назарда болды.

Шығармашылық күн бірегей идеяларды тарататын «TЕDx» зияткерлік конференциясынан бастау алды. Бұл – мектеп ұстаздары үшін тың үрдіс. Жаңа тәсіл мұғалімдер, ата-аналар және оқушылардың оқу үдерісінде тығыз қарым-қатынаста болуына мүмкіндік береді. «TЕDx – Licey» алаңына ата-аналар, пән мұғалімдері, психологтар мен оқушылар шығып, ой бөлісті.

Конференцияға қатысушылар мектептегі бірнеше бағытта жұмыс жүргізетін «Миор» ғылыми қоғамының ерекшеліктерімен де жете танысты. Бұл жобаға зерттеулер мен тәжірибелер жасауға, түрлі жобалар түзуге ынтызар 300-ден аса оқушы тартылған.

Жас лицеистердің таңдаулы жұмыстары мектепішілік «Балалардың зерттеу лабораториясы» таныстырылымы кезінде көрсетілді. Осы орайда оқушылардың талпыныстары нәтижелі екендігін айта кеткен жөн. Биылғы оқу жылында 20 лицеист халықаралық «Мен зерттеушімін» сайысы аясында өткен облыстық фестивальдің мадақтамалары және дипломдарымен марапатталса, 40 оқушы жыл сайынғы аймақтық дәстүрлі «Жоғары математика және мектеп» конференциясына қатысқан екен. Бұдан тысқары, жоғары сынып оқушыларының үздік жобалары республикалық «ЭКСПО-2017» байқауында қазылар тарапынан үздік бағаларды иеленіпті.

Қала ұстаздарына оқушылар қолөнерінің көрмесін тамашалау мүмкіндігі де берілді. Қонақтар әсіресе, «Робот техникасы» үйірмесі мүшелерінің жұмысына тәнтілік танытты. Жас инженерлер өз жұмыстарының ерекшеліктері жайлы зор ынтамен әңгімелеп, конструкциялардың техникалық сипаттамаларын тілге тиек етті.

«Ашық есік күні» барысында сондай-ақ, балалардың дербес қызығушылығына, заманауи инженерлік индустрияның құпияларын зерттеудегі жетістіктеріне қолдау көрсетіп, жас таланттардың тынысы ашылуына жағдай жасау қажеттілігі де талқыға түсті.

«Үш тілділік» жобасының жүйелі жүргізілуі, «Бір аймақ – бір кітап» акциясының нәтижелі болуы, сынып сабақтарының алуан түрлілігі, зияткерлік үрдістің пәрменділігі, балаларды мамандық таңдауға бағыттаудың ықпалды тәсілдері және тағы да басқа көптеген өзекті мәселелер тыңғылықты қарастырылып, тиянақты тұжырымдар жасалды.

Атаулы күнгі іс-шараларға тиістілігіне сәйкес, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің профессорлары мен оқытушылары, қаланың Құрметті азаматтары, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер мамандары, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері, қарапайым еңбек адамдарының қатысуы оның мазмұндық сипатын барынша тереңдете түсті.

Қалай десек те, шығармашылық шыңы – ізденісте. Міне, осынау қажетті қағиданы ескерген Сәтбаев қалалық білім бөлімі мен қаладағы оқу ошақтарының басшылық құрамдары бәтуалы бастамаларды оңтайлы іске асырып, қызметтерінің түпкі мәні нәтижелі болуын қапысыз қамтамасыз етері анық. Жиынға бастан-аяқ қатысқандардың барлығы осынау ой-тұжырымға күмәнсіз табан тіреді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.