Бас тақырып

Шуақты мейрам шұғыласы

Сенбіде Қарағандыда қала орталығына ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Әсіресе, жастар мен балаларын жетектеген отбасылар көп. Жүздерінде шаттық. Тіпті, балалардың қуанғаны сонша, кешегі мектепте алған бағасын айтып мақтануда. Енді бірі ата-анасына өзіне қажет ойыншық түрін айтып әлек. Қала орталығына жақындай бере дыбыс күшейткіш арқылы жаңғырып шыққан әуеннің дауысы құлаққа бірінші жетті. Содан кейін, анадайдан биіктігі 20 метр болатын жасыл шыршаның төбесі де көрінді. Жұрттың бәрі – осында. Сол күні қала тұрғындары мен қала қонақтары Тәуелсіздік алаңында құрылған бас шыршаның шамдарын жақты…

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Орталық алаңға үлкен сахна қойылған. Салтанатты рәсімді өткізу үшін Кеншілер мәдениет үйінен «ЦУМ-ға» дейінгі жол учаскесін уақытша жауыпты. «Күн райы кешегіден жылырақ» дейді мерекелік іс-шараға келгендердің бірі. Десе де бет шымшитын аяз бар. Бірақ, жаңажылдық көңіл күй, жасыл шырша, қызылды-жасыл рождестволық инсталляциялар көңілге жылулық сыйлайды екен. Жұртты көп күттірмей, С.Сейфуллин театрының әртіс­тері кешті театрландырылған қойылыммен бастады. Түрлі ертегі және мультфильм кейіпкерлерінің образына еніп өлең айтты. Халықпен бірге би де биледі. Ал, осындай түрлі кейіпкерлерді теледидардан емес, көзімен көрген балалардың қуанышында шек жоқ. Салған әнін қосыла шырқап, қимыл-қозғалыстарына дейін қайталап тұрды. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған 2025 жылдың символы Жылан жылы мен бас кейіпкер Аяз ата, Ақшақар сахна төріне көтеріліп, шырша шамдарын жақты. Осындай бір керемет көріністі «балаларым тамашаласын» деп отбасымен бірге келген жандардың бірі Жансая Қалиақпарова. Қарағандылықтарға жылы лебізін білдіріп, тілегін де арнады.

– Біз жыл сайын отбасымызбен шыр­ша шамдарын жағуға келеміз. Себебі, бұл кеш балаларға қайталанбас керемет әсер сыйлайды. Балаларымыз түрлі кос­тюм киген персонаждардың өнер көрсетуін асыға күтті. Олар үшін әр оқиға өте қызық. Әрі басқа іс-шараларға ұқсамайды. Балаларымның көңіл күйін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Былтыр да келгенбіз. Биыл балаларымның өтінішімен қайта келдік. Жаңа жыл мерекесін ерекше мейрамдардың бірі деп білемін. Себебі, жылды қалай қарсы алсаң, дәл сондай көңіл күймен шығарып саласың. Қарағандылықтарды келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын, – деді ол.

Шырша шамдары жағылғаннан кейін қала тұрғындары үшін керемет отшашу болып, соңы концертке ұласты. «Кәусар» дуэті, «Баян сұлу» триосы, Мөлдір Жұмабекова және Әсел Қарабаеваның балалар вокалдық студиясы жиналған жұртқа әнмен шашу шашты. Сонымен қатар, орталық саябақта да мерекелік атмосфера сезіліп-ақ тұр. Мұнда бұрын-соңды болмаған жаңа фотоаймақтар қойылған. Түрлі пішіндегі рождестволық инсталляциялар мен көздің жауын алатын безендірулер ерекше көңіл күй сыйлайды. Былтыр саябақтың кіреберісіне құйылған мұз алаңы, биыл үлкен көлдің арғы басына ауыстырылыпты. Қала тұрғыны Айнұр Қанатова мерекелік атмосфераны немерелеріне көрсету үшін орталыққа алып келген.

– Немерелерім шырша шамын жағу кешіне бірінші рет келіп тұр. Былтыр келудің реті түспеген. Биыл ертерек қамданып, немерелеріме айтып қойғанмын. Содан бері достарына «Шырша шамын жағуға барамыз!» деп айтып жүр. Мұндағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ерекше көңіл күй сыйлайды екен. Әрі немерелерім де мәз, – деді қала тұрғыны.

Жаңа жылда «Ескі жыл, есірке, Жаңа жыл, жарылқа» деп тілек тілеп жатамыз ғой. Биылғы жылы өңірде ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз бар. Ауқымды жұмыстар атқарылды. Келе жатқан жаңа жылға да артар үміт айрықша…

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button