Бас тақырып

Өшпес ерлікке – өрелі құрмет

Бүгінгі мамыражай, бейбіт күніміз – кешегі Екінші Дүниежүзілік соғыста Жеңісті жақындату жолында басын қатерге тіккен батыр бабалардың ерен ерлігінің арқасы. Сол соғыста мыңдаған боздақ ажал құшып, қаншамасы мүгедек болып оралды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бастаған билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары сұрапыл соғыста қаза тапқандардың рухына тағзым етті. «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Мәңгілік алауға» жиналған елдің қарасы қалың. Соғыста ерлікпен қаза тапқан ерлердің туыстары, ұрпақтары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, көздеріне жас алып жатты. Тіпті, кішкентай бүлдіршіндердің өзі аталарының асқақ рухына бас иді. Мұны да жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу жолында игі қадам десе болатындай. Иә, Отанымызды басқыншы жаудан қорғауда, азат етуде жанын құрбан еткен бабалардың ерлігі қандай құрметке де лайық.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы соғыс ардагерлерінің үйіне барып, Жеңіс күнімен арнайы құттықтады.

Ұлы Отан соғысының қатысушылары 98 жастағы Павел Оленченко мен Мария Шинкевич облыс басшылығына алғысын жаудырып, соғыс жылдарындағы басынан өткен естеліктерімен бөлісті.

Павел Оленченко – Саратов облысында дүниеге келген. 1943 жылы Отан қорғау үшін соғысқа шақырылып, 48-ші ауыр миномет бригадасының құрамында байланыс қызметшісі ретінде шайқасқан. Берлинді алу үшін жүргізілген жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысыпты. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Ал, Бұқар жырау ауданына қарасты Ростовка ауылының тумасы Мария Шинкевич 19 жасында әскери қызметке шақырылғанын айтады. Ол әйелдерге арналған мергендер мектебінде оқып, шыныққан. Үшінші Беларусь және бірінші Украин майдандарында соғысып, ерлігімен, ептілігімен көзге түсіпті. Чехословакияны азат ету жолындағы сұрапыл шайқастардың бел ортасында жүрген. Мәрт мінезді Мария Жеңісті Прага қаласында қарсы алды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуков», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған даңқты сарбаз. Қазір жасы – 98-де.

– Біріншіден, мерген алдымен жаудың мергенінің көзін жоюы керек. Содан кейін, жау пулеметшілерін жер жастандыруға міндетті. Өйткені, олар біздің сарбаздарымызға кедергі келтіреді. Оларды өте мұқият бақылап отырдық. Сөйтпесең, тапсырма орындауың екіталай. Біз, әрине, жасырынып, маскировка жасап, өз өмірімізді сақтай отырып, бұйрықты орындауға тырыстық. Бізде арнайы баспана болған жоқ, тек алдыңғы шепте траншеялар ғана бар. Аяқасты бір жағдай бола қалса, сонда тығылу керек. Ал, басқа жақтың бәрі ашық. Қазір сол күндерді ойлап, осындай жағдайдан қалай тірі шыққанымызға таң қаламын, – деп еске алады Мария Шинкевич.

Шынында, ол кездің мылтықтары да қазіргідей емес. Сондықтан, бабалардың соғыста көрсеткен ерлігі туралы қанша айтсаң да көптік етпейді.

– Жеңіс күні – үлкен мереке, бір жағынан қайғыға толы күн. Бүгін біз бейбіт әрі тыныш елде өмір сүріп жатқанымыз Сіздердің ерліктеріңіз бен елеулі еңбектеріңіздің арқасы. Біз Сіздердің ерліктеріңізді әрдайым есте сақтаймыз және оны жастарға айтып отырамыз. Сіздерге мықты денсаулық және ұзақ өмір тілеймін, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Ал, Толқын Бақыжанова ардагер атасының арқасында әскери салада қызмет етуге шешім қабылдаған. Өйткені, оған асқақ рухты батыр атасының қым-қиғаш оқиғаларға толы жауынгерлік әңгімелері шабыт берген. Әскери салада қызмет еткеніне 15 жыл болса да, мергендік, дәлдеп нысанаға ату дағдылары сәл кейінірек қалыптаса бастапты. Соңғы 8 жылда армияаралық халықаралық ойындарда аға сержант «құралайды көзге атқан» мергендігімен нысананы дәл көздеп, топ жарып жүр. Тактикалық тәжірибесі толыса қоймаған жас мерген снайперлік тәжірибе негіздерін ардагер атасынан біліп, тереңдете үйренген.

– Мен атамнан көптеген қызықты нәрселерді білдім. Ол өзінің «құрбанын» күтіп отырады екен, бірақ, бірден атпайды. Алайда, оның қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқанын, қандай тапсырма жүктелгенін де біліп отыратын көрінеді. Құрбанының дәл нысанаға келу сәтін күтеді. Жанымнан ештеңе қосып отырғаным жоқ. Олар тәжірибелі адамдар, соғысты көрді, қан майданды кешті. Менің ойымша, снайпер болсаңыз, салқынқанды, аса сабырлы болуыңыз керек. Ең бастысы, әрқашан атар сәтке дайын тұруыңыз қажет, – дейді 35835 әскери бөлімінің қызметшісі Толқын Бақыжанова.

Тағы бір айта кетерлігі, айтулы мереке күні ардақты ардагерлерді оркестр ұжымы да қуантты. Олар қарттар тұратын үйлердің кіреберісінің жанында соғыс жылдарындағы әндерді әуелете орындап, жастық шағын еске алуға мүмкіндік туғызды.

Жыл сайын 9 мамыр күні ақын, «Қайыңды көл» жыр жинағының авторы Еркебұлан Елеусізұлы да «Мәңгілік алау» ескерткішіне келіп, атасының рухына бас иіп, гүл қояды.

– Арғы атам Түсіпбек Жанғозин 1942 жылы Қарқаралы аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанған. Сол беті қайтып оралмаған. Атамыздың қай майданда соғысқаны, қандай ерлік көрсеткені жайлы көп дерек жоқ. Жанымызға демеу болатыны «Боздақтар» кітабындағы қысқаша энциклопедиялық мәлімет қана. Дерекке сүйенсек, Ресейдің Воронеж облысы аумағындағы «Бауырластар» зиратына жерленген. Үлкендердің айтуынша, соғысқа аттанған 1942 жылдың жазында қаза тапқан көрінеді. Атам жайлы деректерді іздеп жүрмін. Әр жылы 9 мамырда атамды еске аламын. Рухына тағзым етіп, гүл қоямын. Көзін көрмесек те, ерлігі жайлы білмесек те, соғысқа барып, ерлерше қаза табуының өзі бізге рух береді. Облыстағы санаулы ардагерді көрсем, атам есіме түседі. Соғыста қаза тапқан батырлардың жаны жәннатта болғай, – дейді Еркебұлан Елеусізұлы.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының 13 қатысушысы бар. Мерекеге орай ардагерлердің сыйақы алғанын да атап өткен жөн. Қарағандылық әскери қызметшілер де ардагерлермен тығыз байланыста. Бұл олардың батылдығына құрмет және тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік. Осындайда Мұқағали Мақатаевтың «Бабаларым, рахмет сендерге!..» атты асқақ рухты жыры тілге оралады…

Жәлел ШАЛҚАР,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button