Жәдігер

Шежірелі шырағдан

Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінен лайықты орын алған осы бір жауһар жәдігерге тіл бітсе, тарих қойнауында қалған талай шежірені тарқатар еді. Ол – Жошы хан кесенесінен табылған шырағдан.

Ұлы Отан соғысынан кейін ел әлі есін жимай жатып, Әлкей Марғұлан тізгінін ұстаған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Жошы хан кесенесіне қазба жұмысын жүргізеді. Сол 1946 жылы ХІV-ХV ғасырдағы әйгілі ескерткіштен табылған бірнеше шырағданның біреуін айтулы археолог өзінің жеке коллекциясына қалдырады.

Бір қарағанда құс кейпіндегі баланың ойыншығындай әсер қалдыратын қыш шырағданның жасалу технологиясы туралы түсіндірме жазба жоқ. Бізге белгілісі – оны ғалымның қызы, марғұлантанушы Дәнел Әлкейқызы 2017 жылы осы музейге өткізгені. Жергілікті саз-балшықтан өте сапалы әзірленген қыш шырағдан Алтын Орда дәуірінде Ұлытау өңірінде қыш, шыны-силикат өндірісі жоғары деңгейде дамығанын айғақтайды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗДІ кенті.

Суретті түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button