Шеріктің семсері
Тарих – таным игілігі десек, «Ұлы Даланың жеті қыры» – ұрпақ игілігі ғана емес, ұлтымыздың тарихи келбетінің негізгі қайнар көзі. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, даламыздан мұражай қорына көшкен, ел біле бермейтін небір жәдігер бар. Аймақ археологиясына қатысты көзбен көріп, қолмен ұстаған сол жәдігерлерді оқырманға жарқыратып көрсетіп отыруды жөн санадық.
Османлы сұлтандарының бірінің жеке әскері һәм оққағары саналатын жаңа шеріктің (янычар) семсері (ятаган) Қарағанды төрінде тұр десе, сенер ме едіңіз? 1789 жылы ұста қолынан шыққан құнды жәдігер осы күні облыстың тарихи-өлкетану мұражайы қорында сақтаулы.
Оны 1941 жылы 3 қазанда кеншілер шаһарындағы Михайлов көлінен С.Киселев тапқан екен. Мүжілген сабы сүйектен жасалып, күміспен көмкерілген. Жүзінің бір жақ бетінде араб жазуы қашалған. 60 сантиметрлік қынабы жартылай былғарымен көмкеріліпті.
Материалды облыстың тарихи-өлкетану мұражайы дерегі негізінде әзірлеген Рауан ҚАБИДОЛДИН.