Ресми

Шексіз мүмкіндіктер дәуірі

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Тәуелсіздік: ұлттық бірлік пен мемлекеттің тұтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға ел дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген түрлі саланың аға, орта және жас буын өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей тізгіндеді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Әлібек Үсенұлы кіріспе сөзінде бабалар аңсаған азаттыққа жеткелі бері жүріп өткен жолымызға, жеткен жетістіктерімізге тоқталды. Өткенді қорытындылау алдағы дамуды жоспарлау үшін керектігін айтып, «Біз кімбіз, қандай елміз, қайда барамыз?» деген мәселелерді үнемі ойлау маңызды екенін алға тартты.

– Отыз үш жылда жүріп өткен жолымызға қарасақ, Қазақстан тұтас дәуірді бастан өткерді деуге болады. Біріншіден, біз егемендіктің барлық атрибуттарын түгендедік. Әлемдегі 9-шы территория­ны меншіктеп, шекарамызды шегендедік. Екіншіден, алыс-жақын елдермен қарым-қатынасты жолға қойдық. Қазақстанның Көк Туы БҰҰ төрінде тұр. Бұл – ел тәуелсіздігі мен оның территориялық тұтастығының белгісі. Алпауыт елдердің өзі Қазақстанның бастамаларын қолдап, әріптестікті күшейтуге ынталы. Үшіншіден, соңғы бес жылда Қазақстанда бес деңгейлі саяси реформалар жүзеге асты. Биліктің барлық тармағы толықтай сайлау жүйесіне көшті. Президенттен бастап, Парламент және мәслихат депутаттарын, қала, аудан және ауыл әкімдеріне дейін халық тікелей өзі сайлайды. Бұл – бұған дейінгі 30 жылда болмаған жаңалық, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Алғашқы болып сөз алған Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов та бір сәт өткенге көз жіберді. Өзінің жас маман кезіндегі есті естеліктерімен бөлісті.

– Тәуелсіздік алған жылдары оңай болған жоқ. Есік алдына ошақ құрып, от жағып, тамақ пісіретінбіз. Бірақ, біз оған арланбадық. Елдің болашағына сендік. Жағдайымыз­дың жақсаруы үшін аянбай қызмет еттік. Жастар осыны білсін, түйсінсін деп айтып отырмын. Өйткені, ертеңгі күніміз – жастардың қолында, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Ал, «Forever» ЖШС құрылтайшысы, «Аmanat» партиясы жанындағы Қарағанды облыстық жастарды қолдау қоғамдық кеңесінің төрағасы Асқар Оразбеков тәуелсіздіктің жастардың білім алуына, кәсіппен айналысуына жасаған мүмкіндіктеріне тоқталды. Өз тәжірибесімен бөлісті.

– Осыдан 19 жыл бұрын мектеп бітірген соң Шанхай ынтымақтастық ұйымының арнайы грантының иегері атанып, Шығыс Қытай ғылым және технология университетінде «Халықаралық экономика және сауда» мамандығы бойынша бакалавр және магистратураны тәмамдадым. Шанхай, Қытай және Оңтүстік Кореядағы ЭКСПО-да HR бас менеджері болып жұмыс істедім. Кейін Shanghai Silkway Pty.Ltd компаниясының директоры болдым. Онда шетелдік кәсіпкерлермен кездесіп, Қазақстандағы инвестициялық ахуалын зерттей бастадым. Тәжірибе жинақтап, тоғыз жыл бұрын Қытайдан инвесторларды тартып, Қарағандыда металлургия саласында үлкен жобаны жүзеге асырдым. Қазір біздің компанияда жүздеген жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы, – деді Асқар Беғалиұлы.

Бұдан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Әсет Арыстанбеков аталған саладағы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етсе, білім саласының ардагері Күліш Төлеуханова өзінің көпжылдық ұстаздық тәжірибесінен түйгенін әсерлі естеліктерге орап жеткізді.

Саран индустриялық ай­­­­­­­­­­мағында орналасқан «QazTehna» ЖШС механикалық құрастыру слесары Руслан Пегрусь болса, өз жұмысының ерекшеліктері туралы айтып, аталған өндіріс ошағының мүмкіндіктеріне тоқталды.

Қарағанды қаласы №2 көпсалалы ауруханасының дәрігері, аритмолог-хирург Нұрлан Елемесов аймақ медицинасының бірегей мүмкіндіктері туралы қысқаша айтып, бейнежазба ұсынды.

Ал, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблея­сының Әзірбайжан ұлттық мәдени орталығының өкілі Бриллиант Алиева өзінің қазақ тілінде еркін сөйлейтінін аңғартты. Ел дамуына Ассамблея жастарының қосып жатқан үлесін де назардан тыс қалдырмады.

Жиынға қатысқан басқа да қонақтар өз ойларын ортаға салып, еркін пікірлесті. Алдағы уақытта Тәуелсіздік күнін мерекелеу бағытында ескерілетін жоспарлар мен идеялар да ортаға салынып, пысықталды.

Аталған шара соңында жыл бойы өз жұмысын мүлтіксіз атқарып, адалдық танытқан түрлі саланың қызметкерлері Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button