Тұлға

Шеберлікте шек жоқ

«Орталық Қазақстан» «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ қарасты Қарағандыдағы «Қазмарганец» кен басқармасында токарь болып жұмыс жасайтын Құрал АСАУОВ түрлі құрал-жабдықтарды, спорттық жаттығу құрылғыларын өзі жасай береді. Кәсіпорында жұмыс жасаған 8 жыл аралығында шебердің қолынан 30-ға жуық құрылғы шыққан. Оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздікті арттыруға, қол күшін жеңілдетуге арналған құралдар, жаттығу құрылғылары бар.

Өзі жұмыс жасайтын Көлік колоннасының спорт залын жаттығу құралдарымен толық жабдықтап шыққан Қ.Асауовқа әріптестерінің алғысы шексіз. Бұл – қазір жұмыскерлердің бос уақыттарын өткізетін, спортпен айналысатын сүйікті орны. Оның қолынан шыққан жаттығу құралдары түпнұсқадан кем емес. Сапасы жағынан аспаса, кем түсіп жатқаны жоқ.

– Әр нәрсеге қызығушылық таныту – менің бала күннен әдетім. Бір орында бос отырғанды мүлдем ұнатпаймын. Сондықтан болар, жұмыс барысында өз әріптестерімнің жұмысын сыртынан бақылай отырып, қол күшін жақсартуға, жеңілдетуге арналған құрал-жабдықтарды ойлап, жасап шығарамын. Кейде олардың өздері келіп, ұсыныс айтады. Тілектерін ескере, қажет құрылғыларын жасап беремін. Бұл маған ұнайды. Ал, қажет материалдар көлік колоннасындағы цехтан табылады. Көбіне металл сынықтарын пайдаланамын. Жұмыстан қолым қалт еткенде айналысатын шаруам – осы. Жабдықтарды бүгінде осындағы жігіттер күнделікті жұмыста пайдаланып жүр. Қолымнан шыққан дүниелер кәдеге асып, қажетке жарап жатса, шеберге одан артық марапат қажет пе? – дейді ол.

«Қазмарганец» кен басқармасында еңбек қауіпсіздігіне үлестерін қосқан жұмыскерлер еленбей қалмайды. Кәсіпорынның 1,2,3 дәрежелі «Еңбекті қорғағаны үшін» төсбелгісінің толық және алғашқы иегері де осы Қ.Асауов.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button