Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы Қазыбек би рухына тағзым етуден басталды
Қаз дауысты Қазыбек би ескерткішінің алдында Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Халық батыры Тоқтар Әубәкіров пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дүйсен Қасеинов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, ғарыш саласының ардагерлері мен қоғам қайраткерлері мен қала қонақтары қазақтың үш ұлы биінің бірі Қаз дауысты Қазыбек би ескерткішіне тағзым етті.

Мерекелік бағдарлама бастауы қазақ тарихындағы көрнекті мемлекет қайраткері Қазыбек би ескерткішінің алдында басталғаны – айрықша символдық мәнге ие. Қазыбек би XVII ғасырда, қазақ халқының мемлекеттілігі сынға түскен, ел тағдыры таразыға тартылған күрделі кезеңде өмір сүрді. Ол Ұлы даланың үш ұлы биінің бірі ретінде Төле би және Әйтеке бимен қатар тарихта өшпес із қалдырды. Мемлекет қайраткері, мәмілегер, шешен әрі халық даналығының сақтаушысы болған Қазыбек би ел ішінде зор беделге ие болып, оның әділ шешімдері халық бірлігін нығайтып, даладағы бейбітшілік пен татулықтың сақталуына қызмет етті.
Салтанатты рәсім соңында ел ағасы, қоғам қайраткері Тұңшыбай Мұқан Тоқтар Әубәкіров пен жиылған көпшілікке қарата мынандай ерекше бата берді.

– Қазақтың қыран батыры Тоқтар Оңғарбайұлы, мерейтойыңыз құтты болсын!
Қазақтың ұлы даласы төрт түлікті малға толсын.
Алтын бесік ауылға бақ-дәулет қонсын.
Қазақтың әр қаласы әлемнің бай шаһарындай болсын.
Киелі жерінің ұрпақтары рахатын көрсін.
Салт дәстүріміз өркениеттің өнегесіне айналсын.
Еліміздің мәртебесі барша әлемнің төрінде тойлансын.
Әр қариямыз даналығымен абыздыққа жетсін.
Әр азамат халқы үшін маңдай терін төксін.
Әр ұрпағымыз ұлт құндылығынан нәр алсын.
Дастарханымыз өзге жұртқа үлгі болып таралсын.
Әр түңліктің түтіні түзу ұшсын.
Қазақтың тектілігі ұлтының тұмарына айналсын.
Кісілігіміз әділеттің жолынан таймасын.
Ұлтымызда Жеті жарғыдай заң болсын.
Ұлына Тоқтар батырдың ерлігі тән болсын!
Ел қызына бұлбұл Күләштің көркі сән болсын.
Жадымызда Димаш салған ән болсын.
Ана тіліміз бақ-бәсекенің бәрін жеңсін.
Қазақтың Азаттығын дос-дұшпанның бәрі көрсін.
Соңымыздан түркі жұртының бәрі ерсін.
Көкбайрақ жер-жаһанға желбіресін.
Әнұран әлемшарды тебірентсін.
Қазақтың Тоқтар батыры ғарыштың алтын тәжі болсын!
Ғасыр жасап, жүзге келсін!
Қазақтың Тоқтар батыры ұлтының ұранына айналсын!
Әумин! – деді рухтанып, ел ағасы.

– Ассалаумағалейкүм, құрметті жерлестер! Қарағандылықтар! Бүгін ә деген сәттен бастап, мен және жолдастарым, халқым баба рухына зиярат етті. Мен бұған өте ризамын. Ес жиып, естияр болған шақтан-ақ Қаз дауысты Қазыбектің рух-шәрібіне мінәжат етіп жүретін едім. Биіміздің рухы елімізді желеп-жебесін. Жайнаған Қарағандым таңғажайып сұлу шаһарға айналыпты. Тұтас қазақ халқына, қарағандылықтарға зор рахмет! Туған жеріме тәу етіп келгенімде оттай ыстық құшағын жайып қарсы алып жатқан халқыма алаусыз алғысымды айтамын! – деді тебіреніп Тоқтар Оңғарбайұлы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz



