ЖаңалықтарҚарағанды

«Шапағатқа» көлік бұйыра ма?

Бұған дейін газет бетінде «Соңғы ауылдың соңғы аялдамасы жоқ» деген тақырыпта Октябрь ауданына қарасты «Шахтер» ықшамауданы тұрғындарынан автобус аялдамасын бұрынғы қалпына қайта келтірсе екен деген тілегі жарияланған болатын. Оған «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мекемесі жолдың қауіпсіз болуына байланысты жолды ұзарту мүмкін болмайтынын айтып, жауап та берген. Сонымен, бұл мәселенің түйіні тарқатусыз қалған-ды. Десек те, қоғамдық көлікке қатысты проблема мұнымен тәмамдалған жоқ.

Айтарымыз тағы сол қоғамдық көлік хақында. Бірақ, бұл жолғы өті­нішті бұрынғы «Бесоба», қазіргі «Ша­пағат» тұрғын үй кешенінің тұр­ғын­дары айтуда. Қазір ол жерде біреуі 12 қабат, екіншісі 10 қабаттық екі үй тұрғызылып, халықтың тұрып жатқанына біраз жылдың жүзі болып қалды. Оның үстіне айналдыра салынып жатқан үйдің саны да қаншама?! Бір өзі ғана біраз халықты тұрғын үймен қамтамасыз еткен «Шапағат» тұрғын үй кешенінен үй алып, қоныс тойын тойлағандар үйдің сапалы салынғанына, Арқаның қақаған аязына қарамастан, жылылығына мәз.

Республика даңғылы 1/4 мекен-жайы бойынша орналасқан 10 қабатты, 2 кіреберісті үй тұрғындары әкімшілік арқылы аз қамтылған отбасыларға, мүгедек жандарға берілген. Олар Оңтүстік-Шығыс ауданынан мемлекеттің қолдауы арқасында ойып тұрып пәтер алдық дегенмен де, қуана алмай отырған жайлары бар. Себеп – қала ортасына қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы. Мүлдем жоқ десек, өтірік болар. Қатынамайды емес, қатынайды. №011 бағыты, №7 және №146 автобустар. Көпшілік қала орталығына келу үшін маршруты 30 шағынауданнан басталатын №7 автобусты күтеді. Ол автобус Оңтүстік-Шығыс ауданын түгел айналып, «Шапағатқа», яғни, «Мешіт» аялдамасына келген кезде аузы-мұрнынан шығатын себепті үлгерсе отырып, үлгермесе, бармақты тістеп қала бересіз. Ал егер ептілік танытып, түскен адамның орнына жылт етіп сығылыса қалсаңыз – сол күні бағыңыздың жанғаны. Оның өзінде біраз жерге барғанға дейін орын алмас үшін өкпеңіздегі деміңізді шығарып, бір аяқпен тұрғаныңыз. Жоғарыда бұл тұрғын-үй кешенінде мүмкіндігі шектеулі адамдар да тұрады деп айтқанымыздай, сау адамның өзін ауру қылатын мұндай жағдайда оларға дем алмақ тұрмақ түгілі, аялдамаға келіп тоқтаған автобусқа жүгірудің өзі мұң. №7 автобустың бағыты бүкіл қаланы айналатыны белгілі. Мысалы, базарға немесе 45 орамға келу үшін қалааралық 146-автобусты күтуге тура келеді. Онда да тура сол жағдай. Майқұдықтан аузы-мұрны лықа толған автобусқа іліксең – бақытың. Ілікпей қалсаң – қақаған аязда желдің өтінде тұрып, көлікпен 5 минутта жететін жеріңе 15 минут тұрып, келесісін күтесіз. Аралығы өте ұзақ №011 бағытын күтпесе де болады. Тіпті, осы бағыттың жүру аралығының тым ұзақтығы туралы шағымданғандар да бар, баспа беттерінде. Күткің келсе, не біржола қатып тынасың, не баратын жеріңе кешігесің. Оған да көніп қалған. Әйтеуір, құтқаратыны жалпы жолақы билеті. Бір айға алып алып, көзге көрінген маршрутқа немесе автобусқа делеңдеп жүгіріп мініп жүргенің.

«Көш жүре түзеледі» әрине, жаңадан салынып жатқан кешен, баланың өзін жүгіртіп жіберетін мектеп жоқ. Степной, немесе, Орбита шағынаудандарында орналасқан бала-шағаларын жетектеген ата-аналар тағы сол №7 автобусқа телміруге мәжбүр. Әйтеуір, баланы автобусқа итеріп тығып алып, кетіп бара жатқандары. Оған да реніш жоқ. Тұрғындардың өтініші – №7 автобус үшін елдің бәрі сиятындай үлкенін берсе, немесе бір маршрут шығарса. Майқұдықтан келетін №40 автобустың, №014 бағытын сәл бұрып, «Мешіт» аялдамасы арқылы өтетіндей етсе, қала орталығына да, базарға да, басқаға да бару оңайлап, біраз жасап қалар еді. Тіпті, Майқұдық арқылы келетін жаңа бағыт шығарса да артық емес. Ол үшін «Метро» сауда кешені арқылы өтетін, Майқұдықпен жалғайтын жаңа жол арқылы бір бағыт ашса, уақытқа да, басқаға да үнем, Майқұдықтан Оңтүстік-Шығысқа келетіндерге де жеңіл. Ал, «Қарағанды қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары» мекемесінің айтуынша, бұл тұрғындар үшін жаңадан автобус шығару – тиімсіз. Ешкім шығынға жүргісі келмейді. «Шапағаттың» тұрғындарына жаңадан салынып жатқан «Панель» орталығын күтуден басқа қайран қалмаған. Сонда ғана жаңадан бағыт ашылуы мүмкін. Бірақ, оның қашан пайдалануға берілетіні де белгісіз.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button