БілімЖаңалықтар

Шахтинскте ерекше балаларға арналған мектеп қалпына келтірілді

Шахтинск қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернат қайта құрылды. Аталмыш ғимарат білім беру ұйымдарын жарақтандыру бағыты бойынша «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры бағдарламасы аясында пилоттық режимде іске асырылған. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталып, екі айда қорытындысын берген. Мектепті жабдықтауға 37 млн теңге жұмсалыпты.

Шеберханада барлық қажетті құралдар, қыш ыдыстар және дайын бұйымдарды күйдіруге арналған автоматты басқарылатын муфель пеші бар. Сурет сабақтары мен психолог сабақтары қазір арт-терапия студиясында өтеді. Мұғалімдер сурет салу арқылы ерекше балаларға өздерінің көңіл-күйлерін білдіру оңайырақ екенін, сондықтан бұл қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің жақсы тәсілі екенін айтады. Жаңартылған музыка кабинетінде сабақтар қызықты болады.

Сыныптарға толығымен жөндеу жұмыстарын жүргізген. Арнайы жиһаздар, ұлттық және шулы аспаптар, ноталарға арналған пюпитрлер сатып алынған. Фортепиано да бар. Балалар ән айтып жатқанда артикуляциясын бақылай алатындай етіп арнайы нота тақтасы мен айналар орнатылған.

– Біздің мектеп-интернатқа 41 жыл. Мен бұл ұйымды 17 жыл басқардым. Бүгінде бізде 123 бала білім алып, тәрбиеленуде. Олардың әрқайсысына жеке көңіл бөлеміз, қабілеттер мен таланттарды дамытуға тырысамыз. Қор жобасы, әрине, бізді алға жетелейді: бізді заманауи білім беру құралдарымен қамтамасыз етті. Біз балалардың игілігі үшін кез келген көмекке қуаныштымыз, – дейді № 7 арнайы мектеп-интернатының директоры Баян Сыздықбаева

Жөндеу жұмыстарына дейін спорт зал басқаша болған. Жөндеуден кейін мұнда жаңа жабдықтар мен құралдар пайда болды. Ойын бөлмесі де әдемі және ыңғайлы бола түсті. Мұнда жаңа құрастырулар мен ойын жиынтықтары сатып алынды.

Келесі жылы бюджет қаражатына қасбетті, шатырды күрделі жөндеу және аумақты абаттандыру жоспарланған. Жоба құрылар кездегі тарихпен «Қазақстан халқына» Қоғамдық Қоры Басқарма төрағасының орынбасары Лаззат Шыңғысбаева бөлісті:

– Біздің Қор ашылғаннан бері көптеген өтініштер болды, бірақ арнайы оқу орындары қандай да бір себептермен үндемеді. Біз олардың басшылығына өзіміз шықтық, зумда барлық директорлармен онлайн-кездесу өткіздік. Көмек шынымен тиімді болуы үшін не қажет деп сұрадық. Қазақстанда 99 арнайы ұйым бар. Олардың бірі Астанада, ол өте жақсы жабдықталған. Біз балаларға не қажет екенін түсіну үшін оның жұмысын егжей-тегжейлі қарастырдық. Ол бірден тізімнен шығарылды. Ал 98 арнайы мектепке көмектесеміз. Қиындық – барлық мектептер әртүрлі: ауданы, мамандануы және балалар саны бойынша. Барлық балалардың мүмкіндіктері шексіз, ал біздің міндетіміз – олардың таланттарын ашуға көмектесу, – деді ол.

Жоба үйлестірушісі Қарағандылық кәсіпкер Валерий Лебедев әр мектепті жабдықтауға жеке көзқарас қажет екенін атап өтті.

– Бүгін осы мектеп үлгісінде не өзгергенін көреміз. Жаңа жабдық – бұл балалардың дамуы мен әлеуметтенуіне көмектесетін алғашқы қадам. Жаңа білім беру ортасы құрылуда. Әрі қарай мұғалімдер заманауи құралдармен қалай сауатты жұмыс істеу керектігін үйренеді, – деді.

Бағдарлама екі жылға есептелген. Оны іске асыруға қор 2 млрд 764 мың теңге бөлді. Қарағанды облысында тағы тоғыз арнайы мектеп-интернат жабдықталады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button