Приозерск

Шағын шаһардағы шарапатты істер

ҚР Тұңғыш Президенті күні Приозерск қаласында да ерекше атап өтілді. Мерекеге орай, салтанатты жиын өткізіліп, қаланың көркеюі мен экономикасының өсуіне үлес қосқан азаматтар марапатталды. Бизнеске бет бұрған жастарға қала әкімінің дәстүрлі гранттары табысталып, тұрғын үй кезегіндегілерге баспана кілттері берілді.

Көрнекі сурет

Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Қайрат Қамзин ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесінің мән-маңызына тоқталды. Ел көлеміндегі, өңірдегі өркенді істерді сөз етті. Қуатты Қазақстан құру жолындағы сүбелі үлесі үшін Т.Саламатовты (подполковник, 18 405 әскери бөлімінің командирі), Д.Бейсековті (60 601 әскери бөлімі командирінің орынбасары), А.Тирановты (44 841 әскери бөлімі байланыс ротасының механик-радиотелеграфисі) және З.Нұрымованы (06708 әскери бөлімі медициналық ротасының лаборатория бастығы) қала әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттады. Сондай-ақ, Ж.Юсеноваға, Ұ.Елбосыноваға, Н.Тәжібаевқа, Т.Сейтенге, Е.Жанқараевқа Приозерск қаласы әкімінің Алғыс хаттарын ұсынды. Ал, облыстың қалалық кітапханалары арасындағы байқауда «Кітапхана – өлкетану орталығы» номинациясы бойынша үздік жобасы үшін мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының дипломы мен М.Айтжановаға марапат көрсетілді. Және осы басқарманың Алғыс хаттарына Ш.Қозыгелдиева, Ф.Қанағатова және У.Джентинбаева сияқты кітапханашылар лайық танылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаланың жас кәсіпкерлерін қолдау мақсатында Приозерск қаласы әкімінің гранты осымен үшінші рет табысталды. Биыл конкурсқа қатысуға 9 жас кәсіпкер ниет білдіріп, өз бизнес-жоспарларын арнайы комиссияның сараптамасына ұсынған. Нәтижесінде, тұрмыстық, компьютерлік және мобильді қондырғыларды жөндеуге бағытталған бизнес-жоспар иесі Ислам Халметовке 400 мың теңге көлемінде грант берілді. Фото-видео студиясын ашуды көздеген Рүстем Дәулетбеков 550 теңгелік грант сертификатын жеңіп алды. Лазерлік гравировка жабдығын сатып алуға ниетті жас кәсіпкер Жансая Қаленге 850 мың теңгенің сертификаты табысталды. Байқаудың бас жүлде иегері – Шерхан Ерғалиев. Қала әкімінің 2 миллион теңге көлеміндегі грантын жеңіп алған жас кәсіпкер қазіргі наубайханасының жұмыс ауқымын кеңейтуді көздейді. Сөйтіп, қаладағы азық-түлік өнімдерінің сапасы, бағасы төңірегіндегі ахуалға оң ықпал етуге мүдделі.

Мерекелік шараның мазмұны халыққа пәтер кілттерін табыстау рәсімімен толыға түсті. Қалалық мәслихат хатшысы Бекзат Сәрсембеков қаланың алты тұрғынына салтанатты жағдайда пәтер кілттерін ұсынды. Баспаналы болғандар қатарында көпбалалы аналар бар.

Әскери шаһардағы салтанатты жиында Приозерск гарнизонының бастығы, 06708 әскери бөлімінің командирі, полковник Есжан Батырбеков және Сарышаған 10-сынақ алаңының бастығы, 03080 әскери бөлімінің командирі, полковник Евгений Коноваленков та сөз алып, мереке күнгі лебіздерін жеткізді.

Салтанатты жиын халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары және жергілікті көркемөнерпаздар ұсынған әуенді-сазды бағдарламамен түйінделді.

***

Осы мереке қарсаңында қаладағы білім, мәдениет және спорт саласына қарасты мекемелерде өзге де ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Қала көшелері абаттандырылып, көмекке мұқтаж жандарға бір реттік материалдық көмек ұсынылды.

Қуаныш Аманқұл

Басқа материалдар

Back to top button