Шаңғы жарысынан бақ сынады
Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов округінде оқушылар мен дене шынықтыру пәнінің ұстаздары арасында дәстүрлі «Қарлы қыс-2025» шаңғы жарысы өтті. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, туризм саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға аудандық AMANAT партиясы ұйтқы болды.
Іс-шара барысында ауыл әкімі Ербол Исатайұлы мен аудандық мәслихаттың депутаты Ұлан Райымбеков арнайы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Аудандық спорт бөлімінің нұсқаушысы Серік Сәбитұлы жарысқа қатысушыларды жарыс ережесімен таныстырды. Оқушылар алыс-жақын қашықтықты жүгіріп өтті. Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте І орынды Сарыобалы ауылының №34 негізгі орта мектебінің командасы иеленді.
ІІ орынды Борлы-бұлақ ауылының №42 негізгі орта мектебі, ІІІ орынды Ақтерек ауылының №26 негізгі орта мектебі командасы еншіледі. Сонымен қатар, басқа да қатысқан командаларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Өз тілшімізден.