Үш тілге жетік

Мемлекеттік тіл сясаты бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Мемлекеттік тілде және өзге де тілдерде еркін сөйлейтін қызметкерлер даярлау – заман талабы. Мемлекеттік қызметкердің бірнеше тіл білуі, ол – оның жан-жақтылығын көрсетеді. Мемлекеттік тілмен қоса өзге тілді жетік білетін мамандар арамызда саусақпен санарлықтай. Соның бірі, еліміз үшін маңызы жоғары халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесінде қаламыздың атынан ерікті жастарға жетекші ретінде аттанып, өзінің жан-жақтылығымен, үш тілде таза сөйлеуімен ерекшеленген «Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығының жастармен жұмыс жөніндегі инспектор маманы – Айтбақаева Гаухар Қайроллақызы.

– Гауһар, қазір мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызмет барысында қандай ролге ие?

– «Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек»-дейді ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров. Қазір мемлекеттік мекемелерде ана тілінің қолданыстағы тұғыры биік деп зор мақтанышпен айта аламын. Осыдан екі-үш жыл бұрын қазақ тілі іс жүзінде аударма тілі ретінде жүрсе, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер таза әрі, еркін сөйлеп, хат алмасулар қазақ тілінде сауатты түрде жүргізілуі көңілге жылу ұялатып, өзіндік сенімділік сыйлайды.

– Сіз үш тілде еркін сөйлейсіз! Үш тілді білудің қаншалықты артықшылығы бар деп ойлайсыз? Үш тілді білу – мемлекеттік қызметші үшін қаншалықты маңызды?

– Үш тілді жетік меңгеру үшін аса шыдамдылық, қызығушылық болу керек. Өзімнің табандылығымның арқасында үш тілді меңгергендігім – мен үшін зор жетістік. Осының арқасында мен қызметте ғана емес, қоғамдық шараларда артықшылыққа ие болдым. Менің қызметім жалпы жастармен тікелей байланысты. Сондықтан, әртүрлі іс-шаралар аясында қызмет атқарып, жалынды жастармен жұмыс жасаған сәтте тілді меңгергенім өз септігін тигізеді. «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне 1 ай көлемінде 250 волонтерларға жетекші болып қызмет атқарып келдім. Бұл – көптің қолы жете бермейтін жетістік деп білемін. Сол үшін марапатқа ие болып жатсаң – онда мерейіңнің үстем болғандығы.

– Мемлекеттік мекемеде қызмет ететін әр маман, тіпті, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін жетік меңгеруі қаншалықты қажеттілік?

– Халыққа қызмет ететін әр мемлекеттік қызметші қазақ тілін меңгеруі тиіс. «Тіл — ұлттың ұлт болып қалыптасуының басты қаруы» болса, сол ұлттың мығым да, берік болуы бізге, жастарға байланысты. Ел болашағының жарқын болуын аңсайтын әр адам, әр маман еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек еткісі келсе мемлекеттік тілді меңгеруі – қажеттілік. Мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілді жетік білетін маманның болуы аса маңызды.

Сонымен қатар, Қадыр Мырзалиев «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дегендей, өз тіліңді құрметтей, өзге тілдерді жетік білу – еліміздің жаһандық даму үдерісіне қосар үлесің деп білемін.

– Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын! Өзіңіздей ел мерейін асқақтатар мамандар көп болсын!

Қарағанды қаласы мәдениет және тілдерді

дамыту бөлімінің тапсырысы бойынша.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.