Қарқаралы

Шөптің шығымы жақсы

Қыстың қамын ерте ойлайтын ауылдағы ағайын шөп қылтия шабындық іздеп, сайманын сайлап, құралдарын майлай бастайды. Бүгінде ауданда мал азығының мол қорын дайындау да қызу жүріп жатыр. Науқан кезінде шұрайлы жерден құнарлы шөп шабуды алдыңғы орынға қоятын шаруагерлердің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аудан әкімі Халел МАҚСҰТОВ бірқатар шаруа қожалықтарында болды.

Қысқа ерте қамданғандардың бірі – «Дидар» шаруа қожалығының басшысы Манат Жылқыбаев. Қосын сүйреп, көк майсаға шалғы салған шаруашылық 70 тонна мал азығын дайындап үлгерген. Меже – 180 тонна. Әлі біраз тер төгу қажет. Қазір Манат ағамыз қызу еңбектің ортасында. Шапқан шөбін жаңбырға ұрындырмай, күннің жылысында қыстағына тасып алып жатыр.

 Ірі қара мал басы мен қой-ешкіні қатар өсіріп отырған шаруашылық әлеуметтік жауапкершілікті де естен шығарған емес.

 – Алдағы уақытта дайындалатын шөпті ауылға апарып, төмен бағамен сатамыз. Зейнеткер отбасыларына да арнайы жеңілдіктер бар. Алдын ала келісіп қойған сатып алушыларымыз да дайын. Түскен қаражатты мүмкіндігінше қажетімізге жаратамыз, – дейді Манат Жылқыбаев.

Жалпы, аудан бойынша 723366 гектар шабындық болса, оның ішінде, 30337 гектар – көпжылдық шөп. Бүгінгі уақытта шабылған жер – 110200 гектар. Жоспар бойынша 230000 тонна шөп дайындалу керек болса, орындалысы 222000 тоннаға жетіп, 96,5 процентті құраған. Биыл шабындық жер жеткілікті. Тек, ауа райын пайдалана отырып, мал азығын молынан дайындау қажет. Бұл тұрғыда аудан шаруалары тынымсыз еңбектенуде.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button