Шәмші әндері шырқалды

    Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында «25 жұлдызды күн» жоспарына сәйкес, аса көрнекті композитор, вальс королі Ш.Қалдаяқов әндерін орындаушылардың аймақтық фестивалі ұйымдастырылды. Халықтың сүйікті әндері шырқалған іс-шараға Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданынан 13 өнерпаз қатысты.

    Фестиваль шымылдығы түрілер сәтте сөз алған кенші-ақын, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұса Тілеуов пен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш көрерменнің назарын аталған өнер додасының мәні мен маңызына аударып, жиылған жұртшылықтың арасында жастар қауымының мол екендігін ризашылықпен атап өтті.

    Ән кешінде Шәмші Қалдаяқовтың мейлінше кең таралған, сезім қылын шертетін өміршең әндері орындалды. Фестиваль барлық өнерпаздар қосыла орындаған «Ән аға» әнімен түйінделді.

    Кеш соңында Қанат Төлеш тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген барлық қатысушыларды «Шырқаған шарықтата Шәмші әнін» атты номинациялық дипломдармен марапаттап, арнайы дайындалған естелік сыйлықтарды тапсырды.

Фестиваль қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауы және мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Ұлт мәдениеті тарихында есімдері ел есінде дара дарынымен жатталып қалған тұлғалар баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі – Шәмші Қалдаяқов. Ол ұлттың мәдени рухын асқақтату жолында өлшеусіз тер төкті. Қастерлі мерекеге арналған іс-шаралар аясында Шәмші ағаның есімін жұрт жадында жаңғырту – азаматтық парыз. Бүгінгі фестиваль – ел көңіліне қонымды сол ниеттің ақиқатқа айналуының айғағы, – дейді қалалық мәдени-сауық орталығы директорының орынбасары Дулат Төлегенов.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.