АймақҚарқаралыРуханият

Шәкіртімен мерейлі мектеп

Топырағында талай өнер тарланы дүниеге келген Қарқаралы жерінің өскелең ұрпақтары да ұлттық құндылықтан құралақан емес. Өскелең ұрпақты әсем ән, әдемі жыр, күмбірлеген күй, мың бұралған би, ұлттық аспаптардың қасиеті мен киесін ұғындырып, өнерлі ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан Қарқаралы саз мектебінің еңбегі ерекше.

Бүгінде Рымкүл Спабекова басқарып отырған ұжымда 33 мұғалім қызмет жасайды. Сегіз сынып – дәстүрлі ән айту, домбыра, қобыз, эстрадалық вокал, прима, баян, хореография, қылқобыз сыныптарында 393 оқушы қосымша білім алады. 1964 жылдан бері шәкірттеріне қайрылмайтын қанат, талмайтын талап сыйлап, құдіретті өнерге қанат қақтырып келе жатқан қарашаңырақтың бүгінгі жетістіктері де зор. Нақтырақ айтқанда, жыл басталысымен, көптеген байқауларда топ жарып жүрген, тума талант, Альяна Әбілдинова сонау Польша жерінде өткен халықаралық байқауда бағын сынап, әлем халықтарының алдында қазақ халқының хас өнерін мойындатып келді. Ол «Атадан – Мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Польша және Германия мемлекеттерінде өткен «Art Bayterek», «Music lslands Open» фестиваль-турына қатысты. Қазақтың қара домбырасымен халық әні «Аққұм», С.Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнімен поляк жұртың тамсандырып, жүлделі І орынға ие болды. Альянаның ұстазы дәстүрлі ән сыныбының жетекшісі – Бақытжан Үйсінбаев.

Қазақ халқы фольклорының тағы бір түрі – би өнерімен облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде жүлделі орынға ие болып жүрген «Балдәурен» хореография ұжымының бишілерінің де қоржындары марапатқа толы. Әлемнің рухани елшісі атанған би өнерін барынша насихаттап жүрген ұжым жақында халықаралық «Ақжелең» балалар мен жастар шығармашылығының байқауында топ жарды. Республиканың түпкір-түпкірінен және өзге де мемлекеттерден келген би ұжымдары жиналған байқауда орыс биімен барған ортаншы топ гран-при, грузин биімен барған жоғарғы топ І орынды иеленді. Әр баланың бойындағы табиғи талантын танып, дарынын шыңдап жүрген кәсіби хореограф Рымкүл Спабекованың еңбегі ерекше. Түп тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алатын би өнеріне шәкірт баулып отырған Рымкүл ұстаз жақында «ҚР Білім саласының үздігі» атанды. Бұл – сан жылғы еңбектің жемісі.

Сонымен қатар, Семей қаласында өткен «Ұлы дала дарыны» халықаралық өнер және білім байқауында да Саз мектебінің оқушылары биік белестерді бағындырып қайтты. Дәстүрлі ән сыныбының ұстазы Бақытжан Үйсінбаевтың және прима сыныбы бойынша Ақерке Көпбайдың шәкірті Әмірбек Аружан қос байқаудан да сүрінбей өтіп, бас жүлдені иеленді. Дәстүрлі ән сыныбының мұғалімі, дарынды әнші Динара Ахметжанованың шәкірті Әдемі Амантай да осы байқауда жүлделі І орынды жеңіп алды.

Сағыныш ӘБІЛОВА

Қарқаралы ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button