ЖаңалықтарБас тақырып

ҰҚШҰ байқаушылары Құрылтай сайлауының ұйымдастырылуына оң баға берді

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылары Қазақстандағы Құрылтай алғашқы сайлауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссияларының дайындық деңгейін және азаматтардың белсенділігін ерекше атап өтті. Таңертең сайлау учаскелеріне барғаннан кейін миссия мүшелерінің дауыс беру барысына қатысты ешқандай ескертулері болған жоқ.

Суреттер Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі, Ресей Мемлекеттік Думасының Қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполовтың айтуынша, миссия өкілдері таңертең бірнеше сайлау учаскесіне арнайы барған. Байқаушылар №192 учаскеде оның ашылу рәсіміне де қатысқан.

Оның сөзінше, барған барлық учаскелер дауыс беруді өткізуге қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген.

— Біз барған барлық учаскелердің ешқайсысын бөліп-жармай атап өткім келеді: ұйымдастыру деңгейі де, дайындық деңгейі де өте жоғары. Учаскелер сайлаудың заңнама талаптарына қатаң сәйкес өтуі үшін қажетті дүниемен толық қамтамасыз етілген. Бұл учаскелерде жұмыс істеуге тартылған қызметкерлер дайындықтан өткен, өздерінің функционалдық міндеттерін біледі және оларды толық көлемде орындай алады. Біз болған барлық учаскеде жағдай қалыпты әрі лайықты деңгейде өтіп жатыр. Адамдар үлкен ықыласпен келіп жатыр, олардың шын мәнінде өздері лайық деп санайтын үміткерлерге дауыс бергісі келетіні көрініп тұр. Олар кейін жаңадан сайланған Құрылтайдан өз орындарын табады, – деді А.Картаполов Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте.

Беларусь Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Адам құқықтары, ұлттық қатынастар және БАҚ жөніндегі комиссиясының мүшесі Эдуард Северин азаматтардың сайлауға деген жоғары қызығушылығына мән берді. Оның айтуынша, демалыс күніндегі сайлаушылардың белсенділігі олардың елдің саяси өміріне араласуының айқын көрсеткіші.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button