Сезімнің басып пернесін…
Ақтоғай топырағында туып, талантымен талайды таңқалдырып жүрген үлкен өнер иесі Қадыр Бай-Мырзаның есімі тек Балқаш өңіріне ғана емес, әнсүйер қауымға «Ақтоғайға арнау», «Сұлулық», «Аңсарым», «Сезім» сынды әндерімен етене таныс. Алдыңғы буын ағалар дәстүрін жалғастырып, әуен жазып, халықты ән құшағына бөлеп жүрген сазгердің жақында «Сезім» атты кітабы жарық көрді.
Кітапқа айналған ән-ғұмырдың дастанындай жинақ қолымызға тиді. Парақтадық, ойымызды парықтадық. Алғысөзін Қалибек Қуанышбаев атындағы ұлттық музыкалық драма театрының бас хормейстері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Амантай Жұмашев пен білім және өнер саласының ардагері Берікбол Мейрамғазы жазған. Жинаққа белгілі ақындардың өлеңдеріне сазгердің жазған 60 әні енгізілген.
Сазгердің әр шығармасы тамаша күймен тыныстатып, сезім сиқырына баурап әкетеді. Міне, осындай сыршыл сазгер әндері көпшілікке кітап арқылы жетіп отыр. Балқаш өңірінде жанды баурап, жүрек тебірентер әндерді тудырған әнші-сазгер Қадыр Бай-Мырзаның бұл кітабы өнер саласының өкілдеріне баға жетпес олжа десек артық емес.
Ән жазу сандаған күндер мен айлардағы сазгердің жан толғанысының жемісі. Жүректен шығып жүрекке жеткен ән ғана мәңгілік. Ал, сазгер Қадыр Бай-Мырзаның әндері – сол мәңгілік әндер қатарында екені хақ.
Кітап авторы сазгер ғана емес, сонымен қатар, бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын шебер музыкант һәм әнші екенін айта кеткен жөн.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет автордан
БАЛҚАШ