Спорт

Серіктің есесін Головкин қайтара ма?

Жақында IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, жерлесіміз Геннадий Головкин мен поляк боксшысы Камил Шеремета жекпе-жегі наурызда өтеді деп хабарланған. Шеремета GGG үшін лайықты қарсылас па?

Білуімізше, поляк боксшысы қомақты гонорар үшін шығып жатыр. Бірақ, ол ақша маңызды емес екенін, осы мүмкіндік арқылы әлемді таңқалдыруға тырысатынын жеткізген болатын.

GGG-дің кезекті қарсыласының айтарлықтай титулы жоқ. EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағы бар. Бұл – оның кәсіпқой бокстағы жалғыз жетістігі. Бүгінге дейін 21 кездесу өткізіп, қарсыластарынан айласын асырған. Және 5 жекпе-жекте нокаутпен ұтқан.

2010 жылы Польшада «Феликс-Штамм» атты турнир өткен. Сол жарыстың финалында Камил жерлесіміз Серік Сәпиевтен басым түсіп, алтын медалін иеленген. Не десек те, жерлесіміздің есесін Головкин қайтарады деген үміт бар. Ал, әуесқой бокста ол 192 кездесу өткізіп, оның 168-інде жеңіске жеткен. Екі рет тең түскен және 22 рет қарсыласына жол берген.

Боксшылар Чикагода жұдырықтасады деп күтілуде. «Головкиннің Чикагодағы жанкүйерлер арасында абыройы зор. Егер Головкин Камил Шереметамен жұдырықтасса, жекпе-жекті Чикагода өткізу керек. Себебі, ол жақта поляк диаспорасы көп», – деген болатын Головкиннің промоутері Эдди Хирн. Дәл қазір Чикагода 1,5 миллионға жуық поляк тұрады екен. Сондықтан жекпе-жек Чикагода өтсе, Шеремета қолдаусыз қалмайды. Бұған дейін Головкиннің Чикагодағы Wintrust Arena-ны брондап қойғаны жазылған. Бокс кеші кезінде бұл аренаға 10 мыңнан аса жанкүйер сыйып кетеді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button