Сенімді серіктестік орнатты
Кеше Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВ ҚР-дағы Украина Елшілігінің бірінші хатшысы Владимир КОВАЛЬДІ және уақытша сенімді өкіл Владимир ДЖИДЖОРАНЫ қабылдады. Тараптар екі ел арасында экономикалық байланыс орнату және жаңа серіктестік құру жайын сөз етті.
Уақытша сенімді өкіл жиын барысында кеншілер шаһарында тұратын украин халқы диаспорасымен танысып, сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, байланыс орнатудағы мақсатын айтты.
Айта кеткен жөн, қазіргі таңда облыс Украина елімен белсенді экономикалық қарым-қатынас орнатқан. Ағымдағы жылдың соңғы үш айында сыртқы сауда айналымының көлемі – 25,5 млн. долларды құраса, оның ішінде 18,5 млн. доллар – экспортқа және 7 млн. доллар – импортқа шығарылған. Сондай-ақ, облыс аумағында Украина елінің серіктестерімен құрылған 109 кәсіпорын жұмыс жасап, кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек саудада, ауыл шаруашылығындағы жұмыстар қарқынды жүруде. Әсіресе, бұл серіктестікте Днепропетровская және Қарағанды облысының басты флагманы – қара металлургия. Оған қоса қос елді қазіргі таңда тау-кен ісі саласы байланыстырады. Сондықтан, Украинадағы көптеген металлургиялық кәсіпорындар саяси қарсылықтарға қарамастан, тек қарағандылық көмір кәсіпорындарымен стратегиялық серіктестер орнатуға асық.
Жандос Әбішев өз сөзінде Қарағанды облысы Украина елімен кез келген бағытта ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Ал, Украина делегациясы инвесторлар үшін арнайы құрылған «Сарыарқа» экономикалық аймағының шетелдік алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, әлемдік озық технологияларды әзірлеумен және өндірумен айналысып, кәсіпкерлерге өнімнің жаңа түрлерін ұсынатынын алға тартты. Келесі кездесуде украиндық ірі компаниялардың өкілдерімен бірге экономикалық аймақты аралап көруге келісті.
Елші сапар барысында тағы бір маңызды миссияны орындады. Ардагерлер кеңесіне «Украинаны азат еткені үшін» естелік медальдарын тапсырды. Төсбелгілер Украина майданына қатысқан қарағандылық жауынгерлерге салтанатты түрде табысталатын болады.
Аяулым СОВЕТ