«Сенім» сенімді еселейді

   Нұра ауданының орталығында аудандық прокуратура және ішкі істер бөлімінің бастамасымен «Сенім» әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету орталығының тұсауы кесілді.

Жаңа орталықтың ашылуына аудан әкімдігі, аудандық аурухана, аудандық қоғамдық кеңес қолдау танытты. Салтанатты шараға аудан әкімі Ниқанбай Омарханов, аудан прокуроры Берік Қаратаев, аудандық ішкі істер бөлімі бастығы Бекболат Зеитов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сейілхан Қоңырбаев қатысып, орталықтың алдағы жұмысы жайлы ойларымен бөлісті. Орталықтың таспасын салтанатты түрде қиды.

Бұл орталық қызметінің тұрғы­лықты халық үшін маңызы зор. Республика бойынша теңдесі жоқ тұңғыш жоба. Әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететін жандарға жәрдемдесетін бірден-бір ұйым болмақ.

– «Сенім» орталығының ашылуы – бүгінгі өмір талабы. Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді нақты іске асырып, аудан тұрғындарының құқығы қорғалуын қамтамасыз ету. Осы жоспардың 33-ші қадамында бүгінгі күн талабынан туындап отырған өзекті мәселе – бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру жайы айтылған. Басталып жатқан бұл игі шара Нұра азаматтарының мемлекеттік  және құқықтық органдарға деген сенім деңгейін көтеруде өте қажетті және маңызды жұмыс, – деп атап өтті орталықтың ашылу салтанатында аудан әкімі Ниқанбай Иманғалиұлы.

Бұл орталықтан – қылмыстық іске күдіктілер, түрмеден шыққандар, пробация тізіміндегілер, тұрмысы төмен отбасылар, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар, отбасылық зәбір көрген нәзік жандылар қажетті көмек ала алатын болады.

Шара барысында алты тарап әріп­тестік жөніндегі меморамдумға қол қойды. Бұдан былай әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету орталығының жұмысына аудан әкімдігі, прокуратура, ішкі істер бөлімі, пробация қызметі, қоғамдық кеңес және аурухана жауапты болмақ.

– Орталық қызметі барлық мемлекеттік органдардың бірлесіп, азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуде тұрақты түрде, кең ауқымда әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Орталық арқылы ең өткір әлеуметтік мәселелер дер кезінде анықталып, оларды шешу жолдары дереу қарастырылып, көмек көрсетілетін болады. Бұл – азаматтарға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету тәртібін қолжетімді ету көрінісі, – деді аудан прокуроры Берік Қаратаев.

Бұған дейін Нұра аудандық прокуратурасы басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, қоғамның әлжуаз топтары мәселесін, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жолында ата-аналар мен ұстаздардың басын қосып,  «Әлеуметтік сақ­шы», «Сақшы ата-ана» атты жобаларды жүзеге асырған болатын. Енді, халыққа қызмет көрсету орталықтарында құқықтық қызмет көрсету мәселелеріне көңіл бөлуді «Сенім» орталығы арқылы бастап кетті. Аталмыш орталық жұмысын бастаған күннен 15 азамат қабылдауға келіп, қажетті кеңесін алды.  Бұл «Сенім» орталығына деген зор сенімді білдірсе керек.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.