Covid-19

Сенбіден бастап карантин жеңілдейді

Коронавирус инфекциясының күнделікті статистикасы оның таралуы азайып келе жатқандығын көрсетеді. Өткен апта соңында 7117 жағдай болса, келесі күндері 6725, 6314. Сейсенбі күнгі мәлімет 6040 жағдайдың тіркелгенін көрсетті. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі де соңғы 2 аптада КВИ жұқтырғандар саны 10%- ға төмендегенін мәлімдеді.

Эпидемиологиялық ахуалды ескерген билік карантин талаптарын жеңілдетуді қолға алды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша ведомствоаралық комиссия 28 тамыздан бастап елдің барлық аймағында бірқатар шектеулерді алып, рұқсат аясын кеңейтті.

«Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілері демалыс күндері сағат 00:00-ге дейін, ал, жобаның көшбасшылары түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс істей алады. Бірақ, ол үшін мекеме қызметкерлері мен келушілердің «жасыл мәртебесі», яғни, вакцина алғанын дәлелдейтін құжат немесе 7 күннен кем емес теріс ПТР-тестілеу қорытындысы болуы керек. Сонымен қатар, 30 тамыздан бастап жұмыс күндері «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмыс уақыты ұзарады. Барлық нысандардың жұмыс режимі 22:00-ден 00:00-ге дейін, «Ashyq» жобасы көшбасшылары 00:00-ден 02:00-ге дейін ашық болады.

Және бір өзгеріс – сенбі күндері қоғамдық көлік қызметіне рұқсат берілді.

Сондай-ақ, оқу жылына дайындық мәселесіне қатысты бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтар мен техникалық персонал осы айдың соңына дейін вакцина алып бітуі тиіс. Барлық білім беру ұйымдарында педагогтар, қызметкерлер және ата-аналар үшін «Ashyq» жүйесі жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау, мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау да аталған тапсырмалардың біріне жатады.

Бұл ретте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс аймағында арнайы қаулы жарияланатынын атап өтті.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button