Тарих

Сауда үйінен сауға сұраған мектеп

Өткенде ғана Құнанбай мен баласы Абай ескерткішін тұрғызып, Алаш баласын аузына қаратқан Қарқаралы топырағы тағы бір ерледі. Алаш баласы алғаш петиция жазып, азаттықтың сәулесін шашқан асқақ топырақ төріне ұлт көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермековтің бір демде келіп жайғасуы да тегін емес. «Қош, сау бол, Қарқаралы, жуылмаған, Айдай бер қалса адамың қуылмаған. Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ, Жасырын дыбыс шықты шуылдаған» деп жазып еді бір кездері Ахаң (А.Байтұрсын). Ақыры, сол қасиетті топырақтың төріне келіп жайғасты. Әлихан Бөкейханның «көресіңдер, бізді халқымыз әлі жылап тұрып есіне алады» деген сөзі еске түседі.

Алаш арыстарының төрде кеңес құрып отырған ескерткішін көріп, Әлихан Бөкейхан оқыған бастауыш мектеп ғимаратының іші қанжылаған шығар, бірақ… «Қарқаралыдағы Әлихан Бөкейхан білім алған мектеп ғимараты бүгінгі күні жекеменшік сауда үйі» көрінеді, естуімізше. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Г.Колпаковскийдің жұмбағын шешетін бала Әлихан оқыған мектеп қой баяғы. Мемлекет қарауына ілігу, ілікпеуін бір Құдай біледі бұл күнде.

Ұлтының арын сатпаған арыстың білім алған мектебін сауда-саттық ордасына айналдырмайық, ендеше?!

 Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button