Сауапты һәм жауапты сапар

      Сейсенбі-сәрсенбі күндері облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ екікүндік жұмыс сапарымен Қарқаралы ауданында болды. Сапар барысында аймақ басшысымен облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали ӘБДІКЕРОВ, облыс әкімінің орынбасарлары және басқарма басшылары бірге жүрді.

Бұл – Ерлан Жақанұлының қасиетті Қарқаралы өңіріне жасаған тұңғыш сапары. Қастерлі топырақтың киесі мен тарихына, табиғатының сұлулығына тоқталып сөз бастаған облыс әкімі:

– Алайда, мен Қарқаралының табиғатына тамсанып, қасиетіне бас иію үшін ғана емес, осы өңірде орын алып отырған проблемаларды анықтап, олардың шешілу жолдары жөнінде кеңес құру үшін, яғни, аймақтың болашақтағы даму бағдарын айқындап алу үшін келіп отырмын, – деп түсіндірді сапар мақсатын.

Сонымен, аймақ басшысының сапары сауапты шарамен басталды. Әуелі, биылғы су тасқынында қайғылы қазаға душар болған қаралы шаңырақтарға (Бесоба, Нұркен ауылдарындағы) бас сұғып, қазақы дәстүрмен көңіл айтып шықты.

Бұдан кейін Бесоба, Матақ ауылдары маңындағы апатты жағдайдағы көпірлер мен суағарлардың жағдайымен танысып, оларды қалпына келтіру жұмыстары бойынша тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді. Әдеттегідей, әуемен қалықтамай, қара жолмен жүрген сапардың жүгі ауыр болады екен. Жолдың, елдің жағдайын көктен шолмай, көзбен көру – басшыға деген ел сенімін үстемелей түсері һақ.

Екі күнде бірнеше шаруа қожалықтарын, өндіріс ошақтарын, әлеуметтік нысандарды аралаған облыс әкімі кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен аудан активінің жиынына қатысты. Алқалы жиында аудан әкімі Халел Мақсұтовтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен болашақ жоспарлары бойынша есебі тыңдалып, аудан тұрғындарының ұсыныс-тілегіне, өтініш-назына назар аударылды.

Актив жиынынан кейінгі сапар Қарағайлы байыту фабрикасы, «Алтай-Полиметалл» ЖШС секілді өндіріс ошақтарында және Егіндібұлақ селосында жалғасты. Егіндібұлақ селосында Қаздауысты Қазыбек бабамыздың ескерткішіне тәу етіп, бабаның 350 жылдың мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мәселесі талқыланды.

Жалпы, сапар мазмұны – сауапты да, жауапты маңызға ие. Аудан басшылығының атқарған жұмысы бағаланып, олқылықтар сараланды. Әрине, кемшіліксіз өңір бола ма? Ал, кемшілік үшін біреуді жазалау емес, кемшін істі кеңесе отырып, кемелдендіру – маңызды. Аймақ басшысының бұл жолғы сауапты һәм жауапты сапары осындай салмақпен түйінделді.

Облыс әкімінің ауқымды сапарынан жазылған кеңейтілген ақпаратты газетіміздің сенбілік санынан оқитын боласыздар.

Ерсін МҰСАБЕК

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.