Руханият

Сауабы мол игі іс

Қасиетті Мәуліт айында Жалаңтөс (Соқыр) батыр қорымының кіреберісіне қақпа орнатылған еді. Жақында сол қорымда жамағат жиылып, бақилыққа сапар шеккен мұсылман қауымның мәңгілік тыныштық тапқан мекенге, Жалаңтөс батыр мазарына арнайы барып, құран оқыды.

Сурет автордан

– Қарағанды облысының имамдары ҚМДБ-ның «Дархан дала» жобасын өңірдің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының бастамасымен біз  «Жалаңтөс батыр» мазарына зиярат етіп, бабалар рухына құран бағыштаудан бастап жатырмыз. Оған «Дархан дала» жобасының Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы Нұржігіт Оразалыұлы бастаған дін қызметкерлері  қатысты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында «Дархан дала» жобасы іске қосылған болатын. Жоба мақсаты – халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптас­тыру, жұртшылыққа шариғат әдебін сақтауды үйрету, тарихи, киелі орындарға тур ұйымдастыру, – деді Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы.

Бұдан кейін қақпаға қатысты «Құлық Жалаңтөс – Таңат баба» қоғамдық қорының төрағасы Мейірхан Тәтибеков атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– 1970 жылдардың соңына қарай «Дала академигі» атанған Зікірия Көпбайұлының бастамасымен және қаржылай көмегімен Әнуарбек Адамбеков бастаған азаматтар батырдың басына бірінші рет Ақбастаудың қара гранитінен құлпытас қойды. 1995 жылдың қазан айында батыр бабамыздың құлаған күмбезді бейітінің орнына жаңадан кесене тұрғызылды. Арада ширек ғасыр өткен соң 2020 жылы «Құлық Жалаңтөс батыр – Таңат баба» қоғамдық қорының бастамасымен және батыр ұрпақтарының жинаған қаржысымен Жалаңтөс батыр кесенесіне реконструкция жұмыстары жасалды. Кесене маңайы абаттандырылды. 2021 жылы кесене жанынан Жалаңтөс батырдың бірге туған бауыры Таңат бабаға арналған мемориалдық ескерткіш құрылысы салынды. 2022 жылы «Ақжол» партиясының Қарағанды облыс­тық филиалының және Қарағанды қаласы әкімдігінің, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының, Әнет баба және Бала қажы мешіттері имамдарының ұсынысымен және бірауыздан қабылдаған шешімімен Қарағанды маңайында болған шайқастарға қатысып, жеңіс туын желбіреткен Сарым Жалаңтөс батырдың құрметіне қойылған «Соқыр» қорымының атауы өзгертіліп, оған ресми түрде «Жалаңтөс (Соқыр) батыр қорымы» атауы берілді. Бұл ұсыныстың оң шешілуіне сол кездегі қала әкімі, қазіргі аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың да зор ықпалы болғанын айта кеткен жөн. Осыдан соң «Айжан» ЖШС директоры Әнуар Абдығали жергілікті органдардан рұқсат алып, маңдайшасында «Жалаңтөс (Соқыр) батыр қорымы» деген жазуы бар арка орнатты. 2023 жылдың қазан айында Жалаңтөс батыр кесенесіне реконструкция жұмыстарын жүргізген және Таңат бабаға арналған мемориалдық ескерткішті салған «ADO.KZ» құрылыс компаниясы Қарағандыдағы «Жалаңтөс (Соқыр) батыр қорымы» қабірстанына кіреберісте қақпаның құрылысын салды, – деді Мейірхан Тәтибеков.

Сонымен қатар, демеушілік жасаған «Құлық Жалаңтөс – Таңат баба» қоғамдық қорына, мемлекеттік қызмет ардагері, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Михаил Шаекинге, ағайынды Ерлан және Нұрлан Нығматулиндерге, кәсіпкерлер Анвар Осинге, Ерлан Досмағанбетовке, «Арлан Строй Холдинг» ЖШС-і, «Айжан-1» ЖШС-нің директоры Әнуар Абдығали, Бала қажы мешітінің бас имамы Махмуд қажы Нұрұлы және «Әлтеке Жидебай батыр» қоғамдық қоры мен басқа да жекелеген азаматтарға алғысын жеткізді.

Өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан Жалаңтөс батырға Қарағанды қаласынан көше атауын беріп, еңселі ескерткіш орнату қажеттігін айтып өтті. Бұдан кейін Құлық баба ұрпақтары Жалаңтөс батыр мен Таңат бабаға арналған ас берілді.

Айта кетейік, Жалаңтөс батыр көзі тірісінде өзін осы Соқыр өзенінің бойына жерлеуін өсиет еткен. Сондықтан да, бұл мекенге алғашқы болып, шамамен 1775-1880 жылдардың аралығында дүние салған Жалаңтөс батырдың өзі жерленген. Жалаңтөс батыр қазақ елі мен жерін азат ету үшін жоңғар басқыншыларына қарсы қол бастаған қолбасшы, ержүрек батыр. Соғыс үстінде бір көзінен айырылған Жалаңтөс «Соқыр батыр» атанған. Ол жерленген соң өзен де «Соқыр өзені» аталып кеткен.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button