Тарих

Сарыарқа өндірісінің төлбасы

Қарағанды өңірі республикамыздағы ірі өндіріс алпауыты болып есептеледі. Сарыарқаның осындай өркениетті дамуға жетуінің басты қозғаушы күші – Нілді (Өспен) жерінде 1847 жылы ашылған әлемдік деңгейдегі аса жоғары сапалы мыс кені екенін біреу білер, біреу білмес. Бір жарым ғасырдан астам уақытқа шегініс жасап, туған жердің тарихына үңілуді жөн көрдім.

Ресейден келген А.Рязанов, Н.Ушаков, Т.Зотов және Н.Себастьянов атты тау-кен мамандары өндіріс орындарын ашу мақсатымен 1847 жылдың 16 шілдесінде төбелі-қыратты Нілдіден жер сатып алса, бір жылдан кейін 1848 жылдың 1 сәуірінде Қарағандының Игілік там өңірін, Шерубай Нұра, Соқыр өзенінің бойындағы тас көмір кен орындарын да сатып алып, бірлескен компания құрады.

Содан 1857 жылы Спасск мыс қорыту заводын іске қосады, ол Қарағанды көмір бассейнінен 30 шақырым, ал Нілді (Успен) мыс кенішінен 105 шақырым қашықтықта орналастырылып, стратегиялық тұрғыда өндіріс ошақтарын дамытуға ыңғайлы етіп салынады.

1860 жылдан бастап мысты таза Қарағандының тас көмірімен балқытудың дәуірі басталады.

1867-68 жылдары Урал химиялық лабораториясы Успенде өндірілген мыстың балқу көрсеткішін тексергенде, таза мыстың шығысы 99.5 пайызды құрайды, бұл Ресейдің басқа өңірлеріндегі заводтардың өнім сапасынан әлдеқайда жоғары болып шығады.

1870 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Бүкілресейлік мануфактура көрмесінде Успеннің мыс рудасы сапалылығы жөнінен күміс медаль иеленеді.

Успеннің мыс кенін еселеп өндіру 1877– 1878 жылдарда болған орыс-түрік соғысы кезеңіне сәйкес келеді. Осы жылдары Спасск зауытында 30000 тонна мыс өндіріледі.

1882 жылы Мәскеуде өткен бүкілресейлік өндірістік және көркемдік көрмеде Рязановқа «жергілікті қиын жағдайда мыс өндірісін дамытқаны үшін» деген күміс медаль тағады. Осы кезеңде жылына бір рет Санкт-Петербургте, Екатеринбургта, Нижегород қалаларында кезектестіріліп өндірістік жәрмеңкелер өтіп тұрған. Осы жәрмеңкенің көрмесіне Успеннің мыс кені арнайы жеткізіліп отырғызылған. Бұл кенді Успен-Спасскіден 1200 шақырым жерге арбаға жегілген түйелермен жеткізген, осыншама қыруар еңбектегі 1 пұт (16 кг) кеннің Петерборға жеткізілуі 60 тиынға ғана бағаланған. Осы кезде Успен руднигінде 170 кенші жұмыс істесе, солардың 164-і жергілікті ұлттың өкілдері болған.

1902 жылы Спасск зауытында тұңғыш орыс-қазақ мектебі ашылады, біраз уақыт өткеннен кейін осы типтес мектеп Успен руднигінде де ашылған, онда алғашқы ұстаз Н.Коморов болған. Бұл мектепте Қазақстан Мемлекетінің негізін қалаушы, тұңғыш Үкімет (Халық Коммиссарлар Кеңесі) төрағасы Сәкен Сейфуллин оқығандығы баршаға аян.

ХХ ғасырдың басында Франция мен Англия бірігіп, Германияға қарсы соғыс ашу мақсатымен одақ құрады. Бұл одаққа кіруге Ресей императоры Николай II үміттенеді. Ресей мен Батыс елдерінің арасындағы осы саяси жылымық жағдайды пайдаланған ағылшын және американ инструкторлары Қарағанды өңіріне келіп, өндіріс ошақтарын сатып алу жолын көздейді.

Сол кезеңдегі Ресей императорының «қазақ даласына шет ел азаматтарын жібермеу туралы» жарлығына қарамастан, Мәскеу дворяны Людвиг Федорович Фон Штейннің араласуымен франция капиталисі Клод Эрнест Жан Карно 1905 жылы 23 сәуірде Рязановтың барлық өндіріс ошақтарын, яғни, Қарағанды көмір бассейнін, Спасск металлургиялық зауытын, Успен мыс кенішін 176 000 рубльге сатып алып, 1907 жылы Лондонда «Спасск мыс рудалары» атты акционерлік қоғам (АҚ) құрады. Қоғамның төрағасы болып Англия парламентінің мүшесі сэр Артур Фелл (1850-1935), вице-президенті болып Жан Карно, ал АҚ-ның атқарушы директоры болып Нельсон Фелл тағайындалады. Фелл үш жылға келісім-шартқа отырып, өзінің әйелі Анна Палмер (1856-1937) және екі қызы Мариан (1836-1935) мен Оливьені (1888-1966) және өзі аттас ұлы Нельсонмен (1895-1926) бірге көшіп келеді.

 1906 жылы Омскіден ресми іс-сапармен журналист Павел Рытов батыс капиталистерінің иелігіндегі өндірістердің даму ырғағын бағдарлау үшін Қарағандыға, Спасскіге және Успен руднигіне келеді.

Рудникте қонақты жылы шыраймен Жаңа Зеландияның тумасы, Флориданың тұрғыны, бала кезден бүкіл әлемді шарлаған, геология және мыс ісінің білгірі Нельсон Фелл күтіп алып, қойылған барлық сұрақтарға жылы шыраймен жауап береді. Оның айтқаны: «мұндай бай руда әлемде енді кездеспейді, біз руданың жаңа қабаттарын ашып жатырмыз, онда мыс 65%-ды құрайды, далаға шығарып тасталған тау жыныстарының өзінде 3-7 пайыз мыс бар екендігіне көзіміз жетіп отыр. Ондай рудаларды келешекке жинап қойып жатырмыз. Сондықтан біз жаңа типті мыс зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Ол өндірістің өнімділігі жөнінен әлемде бірінші орын алатын болады, себебі, мен солтүстік және оңтүстік Америка материгінде, Австралияда, Евразиядағы кен орындарында өндірістік-практикалық тәжирибеден өткен, жұмыс істеген тау-кен инженері ретінде нақты сеніммен айта аламын» дейді.

«Осы рудникте біраз уақыт бұрын билікке қарсы көтеріліс болды. Оны ұйымдастырған Ресейден келген екі гастролер болатын. Олар жұмысшылардың арасында арандату әрекеттерін жүргізіп, еш негізсіз түрлі мәселелерді алдымызға тартты. Он күннен кейін мен оларды полицияға тапсырдым. Көнгісі келмейтін жұмыскерлерге жылы сырт киімдер мен аяқ киімдер беріп, жұмыстан босаттым».

 1913 жылы Успен руднигінде мысқа аса бай қабаттар барланады. Мысты технологиялық балқыту процесін өзгертуге тура келеді.

Ағылшындық инженер-конструктор Джон Уильфорд Уорделл Сарысу байыту фабрикасының құрылысын 1914 жылы көктем айында бастайды, 1915-1916 жылы фабрикаға құрал-жабдықтар орнатылады. Бірінші мыс концентраты Сарысуда 1916 жылы маусым айында алынады. Осы кезеңде Успен руднигіндегі жұмыскерлердің революцияшылдық дүмпуі 1917 жылдың 14 наурызында ақ басталған болатын, оған ақпан революциясының жеңісі негіз болған. Жұмысшылар фабрика-заводтық комитеттер құру үшін түрлі жиындар, митингілер өткізген. Ақыры сәуір айында Успен руднигінде, Сарысу байыту фабрикасында комитеттер құрылады. 1917 жылдың наурыз айында ағылшындар Лондонға берген хабарламасында «жағдай рудникте ушығып тұрғанын, комитеттердің құрылуы түрлі келіспеушіліктерге душар еткенін, жұмысшылар келешекте өндірісті толық өздерінің қолдарына өтетіндігі жөнінде мәлімдеп жүргендігін айтады. Толқулар үдеп тұрған Успен руднигінде бір техниканы және бір тау-кен штейгерін қуып кеткендігі жөнінде, ал Сарысуда жұмысшылар бухгалтерді күштеп жұмыстан аластатқанын жеткізеді.

1918 жылы Рудникте сүзек эпидемиясы басталып, ол шешек ауруына жалғасады. Эпидемиядан Успен мен Сарысудағы тұрғындар ғана емес, даладағы бүтіндей ауыл тұрғындары қырылып қалады… Соған қарамастан жұмысшылар билік үшін күрестерін тоқтатпайды. 1918 жылы 27 наурызда «Спасск кәсіпорындарының орталық комитеті зауыттар мен рудниктерді, шахталарды орталықтандыру туралы» шешім қабылдайды. Осы алмағайып уақытта төмендегі жұмысшылар үлкен белсенділік танытады, олар: слесарьлар Ысқақ Жанғозин, Карл Репп, Бекмағанбет Жұғалов, Александр және Константин Баумандар, Смаил Байшағыров, Николай Сафонов, Халық Смаилов, машинист Федор Тестов, Тоқа Орысбаев, ағаш шебері Александр Жуковский, Омарбек Танасов, тас қалаушы Яков Кукарекин, от жағушы Қобыз Сатпаев, «ат үстінде жүретін жұмыскерлер Мұқи және Мүлік». Үш Бартинтог дизель моторлары арқылы рудникті электр энергиясымен қамтамасыз ететін Терентий Сафонов болса, емханада А.Овсяникова және Е.Лактионовалар қызмет атқарған. Ұстаздықты жергілікті молла атқарған. 1918 жылы 18 наурыздан бастап Мәскеуден шыққан жарлықпен Рязановтың иелігіндегі барлық өндіріс ошақтарына орталықтандыру процесі жүре бастайды. Бұл саяси жағдайдан кейін шетел азаматтарынан Спасск заводында – Бейлдон, Робсан, Уиттик және Добби қалдырылса, Успен руднигінде Смитт пен Первис қалады, Сарысу байыту фабрикасында Уорделл мен Морган, ал Қарағандыда Харботл қалады. Шетелдіктер Англияға қайту жоспарын ойлап, бірінші кезекте Петропавлскіге жетіп, Мәскеу арқылы Архангелскіге барып, әрі теңіз жолы арқылы Англияға жетпекші болады. Ресейдегі азамат соғысы қаржылық түсімдерге үлкен зиян келтіреді. 1919 жылы 2-ші шілдеде Сарысудағы байыту фабрикасының химиялық лабораториясында үлкен өрт шығады. Содан үгіту цехі (дробильный) мүлде жойылып кетеді. 21 шілде күні Омскідегі Англия Консулынан британдық, шетелдік мамандардың отандарына шұғыл түрде қайтулары қажеттігі жөнінде телеграмма келіп, шетелдіктер отандарына қайтады. Реконструкцияға дейін, яғни, 1915 жылға дейін Спасск заводында өндірілген Нілді (Успен) мыс кеніші рудаларының байлығын төмендегі сандардан көз жеткізуге болады. 1909 жылдан 1914 жылға дейін алты жылда 149 тонна уран өндірілсе, 21815 тонна мыс рудаларының орташа есеппен 19% мыс өндіріліп отырған. Пайдалы қазбаларды барлау жұмыстары аяқталғаннан кейін 1919 жылдың маусым айында уранның жобалы резерві Нілді руднигінде 420 000 тоннаны құраса, одан 7-8 % мыс кенін алу жоспарланған болатын.

Нілдінің тұрғылықты халықтарының ішінде көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар аз болмаған. Солардың ішінде ел арасында шешендік қасиетімен, елшілік бітістіру дарынымен ерекшеленген Малқамбай Әбдікәрімов атты ақсақал болған. Малқаң шетелдерден келіп кен іздеуші мамандарменен жылдар бойы бірге жүріп, кен орындарымен және жергілікті жер-су аттарымен таныстырған. Алғашында орыс тау-кен мамандарымен бірге жүрсе, кейін ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін алыс шетел тау-кен инженерлерімен жақын достасып, солардың тілінде еркін сөйлеп, жолбастаушы болған. Ел ішінде небір білімді азаматтарды «ол жеті жұрттың тілін біледі», дипломат (бітімгершіл) деп мадақтайтын болса, осы мадақтауға біздің Малқаң лайық болатын.

1902-1908 жылдары «Спасск мыс рудалары» АҚ-ны басқарған Нельсон Феллдің «Орыс және көшпенді Қырғыз даласының болмысы» атты кітабы Лондонда жарық көрген, онда «Қырғыз жүк тасушылары, шахтерлері және жұмысшылары, орыс механиктері, инженерлері, прорабтары, бухгалтерлері көп болды, біздер шетелдіктер аз болғанымызбен орыстармен қарым-қатынас, достық пейіл орната білдік. Бірақ, өмір сүру, жұмыс атқару қалпымыз Россияның мемлекеттік жүйесіне тән болатын» деген.

 Нельсон Феллдің жолдасы Джеймс Вэнстің отбасылық мұрағатында қазақ даласында болған кезеңіндегі мынандай жайттарды еске алып жазған.

«1904 жылы мамыр айында Ақмола уезіне қарасты Нілді болысының болыстық басқарушысы (1898–1910) Мұстафин Жәкеннің ұйымдастыруымен болған 25 шақырымдық (15 миль) ат жарысына жүзден аса ат қосылғанын және болыстың отбасымен отырған қайталанбас қонақ кәдесін еске алған. «Мен ат қосушылар Жәкен және Ысқақпен төңіректі аралап, тойшыл халықтың жүздерінде күлкі, әрқайсысы қайсыбір аттардың озып келетінін қызылкеңірдек болып талқылап жатқандығын көрдім. Ақыры мәреге жүз аттан бөлініп бес ат бөлек келді, оның ішінде 2-ші келген сұр ат маған қатты ұнады» деп еске алады.

1962 жылы Лондонда жарық көрген Нельсон Феллдің кіші қызы Оливьенің «Қазақстандағы британдық отбасы» атты кітабында былай деп жазады: «1905 жылы белгісіз орыс агитаторлары Успен руднигіндегі жұмысшыларды дүрліктүру үшін арнайы өздерінің «қауіпті» адамдарын жіберді, бұл – Петр Топорнин болатын, «бет жүзі періштенікіндей, ал көзі ес-түссіз адамдыкіндей» еді деп еске алыпты.

Қ.Сәтбаевтың айтуы бойынша «1847 жылы Ушаков пен Бушуев екеуі Нілдіге келіп таң-тамаша болады, себебі, көптеген қазындылар мен үйінділерді көреді. Бұдан олар біздің дамуымызға дейінгі беймәлім дәуірде, осы жерде үлкен мыс руднигі болған» деп тұжырым айтады.

 1870 жылға дейін кен ашық әдіспен алынады, 1915 жылға қарай мыс кені 0.5 пайыздан 30 пайызға дейін, тіпті, одан да жоғары болған. Ал таза барит кенінде мыс 62 пайызға дейін жеткен. Бұл өте жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Кен қысы-жазы түйелермен, аттармен және өгіздермен Успен руднигінен 105 шақырым қашықтықтағы Спасск мыс зауытына үзбестен тасылып отырған».

 Е.Бекмұхамедовтың есептеуінше «қазақ даласындағы барлық рудниктердегі 1853 жылдан ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарының ортасына дейін 131703 тонна кен өндірілсе, оның ішінде күміс пен қорғасын біріккен – 46546 тонна, ал 85137 тоннасы мыс кені болған, ал Рязановтың иелігіндегі Успен руднигінде 50 000 тонна мыс рудасы өндіріліп, бұл осы өңірден өндірілген кеннің 59 пайызын құраған».

1968 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Недра Казахстана» атты кітапта авторлары Ш.Есенов, Д.Кунаев, С.Мухамеджанов сынды азаматттар Успен руднигіне әжептәуір тоқталады, онда «Уралдық тау-кен мамандары Ушаков пен Рязановтың компаниясы, Қарқаралыдан оңтүстік-батыста, бүгінгі Жаңарқа ауданы, Қарағанды облысы, Нілді төбелі-қыратты бұйратында (Нельды – в переводе медный купарос) жер бетіне шығып жатқан тотыққан кен барлығын, ол жоғары сапалы мыс екендігін ерте білген» деп жазады.

Тау-кен маманы, техника ғылымының докторы, профессор, ҚазССР ғылым академиясының академигі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбілқас Сағынов өзінің «О пройденном пути» атты орысша қолжазбасында Успен руднигінің еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі жөнінде былай жазған: «Успенский рудник сыграл большую прогрессивную роль в развитии центральной части Казахстана. Не было бы его, еще долго топталься бы наш край в темноте, голоде и глухомани. Он стал кузницей кадров для возражденной из пепла революции страны».

 Нілдінің тумасы, бүгінде Қарағанды қаласында тұратын Қазақстан Республикасының жер қойнауының Құрметті барлаушысы, КСРОның «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері Аманкелді Әбеуов ағамыздың көмегімен Қарағанды қаласындағы «ЦентрКазНедра» мекемесінің мұрағатына барып, біраз материалдар алуымызға жағдай жасалды.

Тілге тиек болып отырған Орталық Қазақстанның республикамыздағы ірі өндіріс ошағына айналуы – бүгінгі Успен селолық округі – Нілді станциясының кезінде жер қойнауынан шыққан аса жоғары сапалы мыс кенінің өлшеусіз үлесі болғандығы тасқа таңба басқандай айғақ болып отыр. Кез келген ұрпақ өзінің ортасына байланысты өсіп-өнетін болса, 1840 жылдардан бастап халық арасында түрлі қиыншылық туған кезеңдерде «Өндіріс» атты мыс шаһары атанған Нілді-Успен өңірі 1964 жылға дейін Успен руднигі, Успен кенті деп аталып келген, ол Сарыарқа өңірі халқының әлеуметтік-мәдени қалпының көтерілуіне зор үлес қосқан. Түсті металлургияда «Успен – мыс белдеуі» деген атау бар, оған Жезқазған – Жәйрем – Көктіңкөлі – Успен – Қарағайлы жер асты қазба байлықтары жатады.

Былтыр Нілді – Успен руднигінің мерейтойы қарсаңында «Орталық Қазақстан» газетінің маусым айындағы №71 санында жергілікті өлкетанушы Файзулла Шәкімұлының «Ұлықтайтын кез келді» атты мақаласы жарық көрсе, 2017 жылдың 27 шілдесінде Нілдіден шыққан жас журналист Жәнібек Әлиманның «Нілді», 2017 жылдың 5 қыркүйегіндегі №97 санында абзал азамат Тұрар Алтынбековтің «Құлаққағыс жерде қалмас» атты мақалаларында еліміздің басқа өңірлері еңсесін жаңа көтеріп келе жатқан кезеңде, Успен руднигіндегі әлеуметтік инфраструктура нысандарының қандай деңгейде дамығандығынан әжептәуір көрініс берген. Ертерек өркендеген біздің елден Отанымыздың мақтанышына айналған, әлем таныған небір сұңғыла тұлғалардың өндірістік оқу-тәжірибе жинақтаудан Успенде өтуі – көп жайтты аңғартады. Бүгінгі таңда Нілдідегі Сәкен орта мектебін әр кезеңдерде бітіріп, мемлекетіміздің тәуелсіздігін құрыштай шынықтырып, Ұлы Далада Елбасымыздың Мәңгілік Ел – патриоттық идеологиясын іске асыруға ат салысып жүрген өрендер республикамыздың түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етуде.

Жұмағали МАҒЗИЕВ,

Қарағанды қаласындағы технология және сервис колледжінің директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button