«Сарыарқа-2024»: дәстүрлі жазғы ауыл спартакиадасының жалауы желбіреді
Нұра кентінде «Сарыарқа-2024» дәстүрлі жазғы ауыл спартакиадасының жалауы желбіреді. Биыл 36-шы мәрте өткізіліп отырған шара V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған. 12 спорт түрінен өтетін спартакиадаға 500-ден астам ауыл спортшылары қатысуда.
Спартакиаданың ашылу салтанатына қазақ күресінен спорт шебері және самбодан әлем Кубогының қола жүлдегері Бекзат Ахметбеков арнайы келіп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Айта кетейік, жерлесіміз Дүниежүзілік өшпенділер ойындарына облыс атынан өнер көрсетпек.
– Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Ел-жұрт Астанаға барып, аталған доданы өз көздерімен көріп қайта деймін. Осы дода жайлы көбірек білсін деп буклеттер тараттым. Ауыл спартакиадасына бүкіл отбасымен келген жерлестерімнің көп екенін көріп қуанып қалдым, – деді Бекзат Ахметбеков.
Ауыл спартакиадасының ашылу салтанаты арнайы театрландырылған қойылыммен ашылды. Спартакиада алауын жағу құрметі аударыспақтан облыстың төрт дүркін чемпионы, ҚР спорт шебері Ерғанат Тайжановқа берілді.
Спартакиада волейбол, шағын футбол, асық ату, бес асық, армрестлинг, кір тасын көтеру, президенттік көпсайыс, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және үстел теннисі сынды спорт түрінен өтеді.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz