«Сары қазаққа» сәттілік!

Бүгін даңқты жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН АҚШ-тың Карсон қаласында америкалық Ванес МАРТИРОСЯНМЕН қолғап түйістіреді. Генаның кезекті қарсыласы туралы көпшілік көп біле бермес. Бокссүйер қауым бұл боксшыға «Сұмдық» (Кошмар) деп айдар тағыпты…
Ванестің тегі – армян. Болашақ боксшы 4 жасқа толғанда әке-шешесі АҚШ-қа қоныс аударған. Калифорнияның Глендейл қаласына орын тепкен. Ал, бокс өнеріне жеті жасынан бастап ден қойыпты.
Бір қызығы Головкин күміс медальмен марапатталатын Афины Олимпиадасына Мартиросян да қатысқан екен. 69 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан.
Олимпиада жолдамасы ойнатылған іріктеу турнирінде жұрт бәс тіккен мықты қарсыластарының барлығын оңдырмай сабапты. «Сұмдық» деген лақап атқа осы кезде ие болған екен.
Алайда, Олимпиадада Мартиросян екінші кезеңнен әрі өте алмады. Алғашқысында алжирлік Бенамар Мескинді жеңгенімен, келесі турда ойындардың болашақ күміс жүлдегері кубалық Лоренсо Арагоннан ұтылды.
Олимпиада ойындарынан кейін Мартиросян кәсіпқой боксқа бет бұрған. Әуесқой бокс карьерасындағы 130 кездесудің онында ұтылыпты. Осы тұста бір айтып өтері, Мартиросян өзін жеңгендердің арасындағы Ник Кейсел мен Лоренсо Арагоннан өзгелерінен кейін «кегін» алған екен.
Қазіргі күнге дейін кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізді. 36 қарсыласын жеңді. Оның жиырмасын нокаутқа жіберген. Үш жекпе-жекте жерге қарап, біреуінде тең түскен. Кубалық Эрисланди Ларамен екі мәрте шаршы алаңда күш сынасты. Алғашқысында қарсыластар тең есеппен тарқасты. Қарымта матчта төрешілер жеңісті Лараға берді.
Калифорниялықтардың сүйіктісіне айналған армяннан Головкиннің командасы сескенер емес. Бапкер Абель Санчес алдағы жекпе-жек 2015 жылы канадалық Давид Лемьемен өткізген матчқа ұқсас болатындығын болжауда. Естеріңізде болса, Головкин 8-ші раундта техникалық нокаутпен ұтқан-ды.
Әлемдік бокс кеңесі жекпе-жек бәсіне «Нағыз батыр» атты арнайы белбеу әзірледі. Мексиканың ұлттық мейрамына орай жасалған белбеудің біздің батырдың белінен табыларына қарағандылықтар бек сенімді.
Ескерері – құрлықтардағы уақыт айырмасы. Яғни, АҚШ-та күн еңкейгенде шығыста таң рауандайды. Қазақ елі бұл жекпе-жекті жексенбінің таңынан тамашалай алады. Ал, қарағандылықтар таңғы 9.00-де «Достық үйі» алаңындағы үлкен экранның алдында кездеспек.

Нұрқанат Қанафин.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.