Саранда — сарқылмас қуат көзі

Қарағанды облысында алдағы уақытта баламалы энергия көздерін өндіретін станциялар салу жобалары қолға алынбақ. Еуропалық компаниялар тобы облыс көлемінде Жасыл энергетика технологияларын дамытуға мүдделі. Іскер топтың бұл ниеті облыс әкімдігімен арада қол қойылған меморандум негізінде жүзеге асырылмақшы.

Бұл компаниялар тобы осы саладағы алғашқы жобасын екі жыл бұрын бастаған болатын. Соның нәтижесі – «SES Saran» ЖШС. Күннен энергия алуға бағытталған станцияның қуаты 100 мегаватты құрайды. Бұл – Саран сияқты он қаланы қамтуға қауқарлы қуат. Жасыл технологиялар бағытындағы Орталық Азиядағы ірі нысан салып, іске қосқан шетелдік инвесторлар алдағы уақытта тағы да 3-4 жобаны жүзеге асыруға ниетті.

– Біздің негізгі жұмыс бағытымыз күн энергиясын алу, дегенмен де, аталған жобалардың бағыты әлі нақты анықталған жоқ. Қарағанды облысы – үлкен өндірістік өңір, мұнда энергия көздері аса қажет. Ел Үкіметінің инвесторлар үшін жасап отырған жағдайы, облыс басшысының қолдауы, бизнесмендердің ұсыныстары, тарихи байланыс осы өңірді таңдауға себеп болды,– дейді «Sonnenenergie» АҚ бас директоры Ян Зонненшайн.

Кездесу соңында облыс әкімі Ерлан Қошанов пен Ян Зонненшайн өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Құжат бойынша еуропалық компаниялар тобы алдағы уақытта құны 500 млн. АҚШ долларын құрайтын баламалы қуат көздерін өндіретін жобаларды жүзеге асыратын болады.

 ***

Түстен кейін Сарандағы күн электр станциясы іске қосылды. Салтанатты шараға Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, облыс әкімі Ерлан Қошанов, «Sonnenenergie» АҚ бас директоры Ян Зонненшайн, «Solamet/ GoldbekSolar» бас директоры Йоахим Голдбек, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Астана қаласындағы өкілеттілігінің басшысы Анар Омарова қатысты.

Күн сәулесін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіретін станцияның іргетасы өткен жылдың 7 маусымында қаланған болатын. Сол кезде құрылыс орнында аймақ басшысы Ерлан Қошанов пен жобаның бас инвесторы Ян Зонненшайн болып, игі шараға арнайы қатысқан еді. Бүгінде Сарандағы қуаттылығы 100 МВт күн электр станциясының құрылысы 6 ай ішінде толығымен аяқталып отыр. Болашақтың энергиясын іздеу және баламалы көздерін табу әрі пайдалану – бүгінгі күннің талабы. Сондықтан, жобаға қолдау жасалып, қажетті жер телімі бөлініп, инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Инвестицияның жалпы сомасы 137 млн. долларды құрады. Электр станциясының аумағы 164 гектар жерді қамтып жатыр. Мұнда 307 мың күн панельдері орнатылған. Электр қуатын өндірудің бір жылдық мөлшері 145 млн. кВт/сағ құрайды. Станцияның қуаттылығы – 100 МВТ. Салыстырмалы түрде қарасақ, Саран бұл көлемнен 10 есе аз қуат пайдаланады.

– Бүгін Қарағанды облысы үшін үлкен маңызды оқиға. Аз уақыт ішінде салынып шыққан жоба іске қосылып отыр. Елбасының қолдауымен облысымызда әлеуеті жоғары жобалар жүзеге асып жатыр. Бүгінде облысымызда 33 инвестициялық ірі жоба іске асырылуда. Оның он жетісі шетелдік капиталмен іске қосылады. 1 триллион теңгеге 9 мың жұмыс орны ашылады. Соның бірі – бүгінгі Сарандағы күн электр станциясы. Қуаттылығы –100 Мвт. Түсінікті болу үшін айта кету керек. Күн электр станциясының қуаты Саран сияқты 10 қаланы электрмен жабдықтауға жарайды. Елбасының 2030 жылға дейін баламалы энергия көздерін 30 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы бар. Біз сол тапсырмаларды орындай отырып, басты мақсатқа жету жолындағы үлкен қадамды бүгін жасап отырмыз. Облыс бойынша осындай екі жоба іске асып жатыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады, – деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.

Облыс әкімінен кейін құттықтауын жеткізген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев:

– Сіздерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан бүгінгі маңызды шарамен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қуат стансаларында жаңартылатын энергия көздері мен газды генераторлар үлесін арттыру қажеттілігі айтылды. «Жасыл экономиканы» дамыту бағытында маңызды шаралар қолға алынуда. Көмірсутекті даму бағытында бірқатар кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. Бұл ретте ұлттық экономиканың энергия тиімділігін арттыруға ықпал етеміз, – деді.

Аталған халықаралық жоба Германия, Чехия, Словения елдерінің халықаралық инвестициялық топтарымен жүзеге асырыла бермек. Мұны шетелдік инвесторлар қолдауға әзір.

Шара барысында сөз алған шетелдік инвесторлар Қарағанды өңірінің климаттық жағдайы күн электр станциясы үшін барынша тиімділігін тілге тиек етті. Электр қуаты «SES Saran» ЖШС және «KEGOC» компаниясының есеп-қаржы орталығы арасында жасалған келісім-шартқа сай тұрақты бағамен сатылатындығы айтылды. Қарағанды облысы әкімдігіне, жергілікті билікке, барлық мүдделі министрліктерге, «ҚазақИнвест» Ұлттық компаниясына көрсетіп жатқан қолдаулары үшін алғыстарын жеткізді. Келешекте Қазақстанда тағы да қосымша жобаларға инвестиция салуға әзір екендіктерін айтты.

Бүгінде облыстың экономикалық даму қарқыны жоғары, аймақта өндіріс орындары көптеп ашылып, инновациялық бағдарламалар жүзге асырылып жатыр. Осының барлығы электр энергиясына деген сұранысты арттыратыны сөзсіз. Осы орайда басты инвесторлар – Еуропалық одақ өкілдері Я.Зонненшайн және А.Беренс. Жалпы, жоба жұмысына «Шнайдер Электрик» және «Грасс Инжиниринг» (ГФР) секілді ірі компаниялар серіктестік танытқандығы ел экономикасына оң серпін бермек.

Жансая ОМАРБЕКОВА,

Нұрдос КӘРІМ.