Жаңалықтар

Сапта өткен бір күн

Бұрын жұдырықтай ұл әскерден келген ағасының, көкесінің қалпағын, фуражкасын немесе малақайын киіп, беліне белдігін тағып алып, «Солдат боламын!» дейтін. «Солдат болу» – кәдімгі арман-тын. «Отан қорғаушы» деген сөзде зор жауапкершілік жатқандай көрінетін. Бүгін ше? Бүгін Отан қорғауға әзірміз бе? Оған біршама ойланып қаламыз. Бұрынғыдай мүдірмей жауап бере алмаймыз. Десек те…

Қарағандыда бірнеше әскери бөлім бар. Солардың бірі – 31 775 әскери бөлімі. Биылғы көктемгі әскерге шақыртуда 30 сарбаз қатарға қосылды. Олардың келгеніне небары екі аптадан асыпты. Ант қабылдаған соң 1-ші батальонға қабылданып, жаяу әскер қатарын толықтырады. Ал, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде жаяу әскер құрлық әскерлерінің саласы ретінде «мотоатқыштар әскері» деп аталады. Осы әскери бөлімдегі сарбаздардың бір күнгі өмірін көзіммен көріп қайттым…

Саппен ән айту сәті

«РОТА, ҰЙҚЫДАН ТҰР!»

Таңғы сағат – 6:30. «Рота, ұйқыдан тұр!» деген командирдің саңқ еткен бұйрығы сарбаздың «будильнигі». Мұндай бұйрықтан соң сарбаздың керіліп-созылып жатуына уақыты да, мұршасы да жоқ. Жылдам тұрып, төсек-орнын жинауы тиіс. Үстіне жастығыңды бұрыштап, «қыздың жиған жүгіндей» жиясың. Көрпеңді әрі-бері тартып, үстінен жапқышпен жаба салатын үйдегі төсек емес. Тәртіп – бәріне ортақ. Содан кейін ширақ киініп, жаттығу жасауға шығады. 30 минут дене шынықтыру жаттығуын жасайды міндетті түрде. Одан кейін кезекпен жуынады. Іле-шала саппен таңғы асқа барады. Әскерде бәрі бұйрықпен. Берілген бұйрық жерде қалды деген мүлдем жоқ. Ол бұйрық талқылауға да жатпайды. Бұйрық берілді. Орындалуы тиіс. Жас сарбаздарды 2 взводқа бөлген. Бір взводта – 15 сарбаздан. Осылайша, әскери өмірдің алғашқы сабақтарын алады.

Сержант Мерей Бакенов – осы ротаның жеке құрамы, жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығын қамтамасыз ететін жауапты тұлға. Ол Отан алдындағы борышын 2005 жылы Қапшағайдағы 58 012 әскери бөлімінде өтеген. 2007 жылы келісімшартпен туған жеріне ауысып келіпті. Қазір ротаға жетекшілік етіп, ұрыс тәсілдерін үйретіп жүр.

Жаяу әскердің құрамына пулеметші, мерген, аға мерген, механик, оқшашар қызметін атқаратын сарбаздар кіреді десек, сол сарбаздарды осы мекеме даярлайды. Ант қабылдау рәсімінен кейін сарбаздарды әр бөлімге бөліп, тиісті міндетін жетік меңгертеді. Қазір күнделікті жаттығуларды орындайды. Яғни, қаруды жинап, ұрыс тәсілдерін үйренуде.

Бөлімнің кіреберісінде қарулы сарбаздар тұр. Күзеттегі оларға адам баласымен сөйлесуге болмайды. Әрі қасына жақындауға да рұқсат жоқ. Ал, кірген-шыққан жандарды бақылап, тәртіпті қадағалау – кезекшінің міндеті. Кезекшілікті сарбаздар ант қабылдау рәсімінен кейін атқарады.

Кезекшілік – 18:00-ден басталады. Бір тәулік – 24 сағат. Мен кірген күні қатардағы Дилзат Садықов – бақылау-өткізу пунктінде кезекшінің көмекшісі қызметін атқарып тұрды.

Әскер қатарында жүргеніме 6 айдан асты. Кезекшілікті бір уақытта 3 сарбаз атқарады. Бөгде адамдарға кіруге – рұқсат жоқ. Мұндағылардың өзі арнайы «Рұқсат қағазы» арқылы кіріп-шығады. Өзім әскери отбасында дүниеге келдім. Әкем кішкентайымнан әскери өмірге баулыды. Сол кісі секілді әскери адам болсам деймін, – дейді барлау ротасының сарбазы Дилзат Ділмұратұлы.

Сарбаздар ұрыс тәсілдерін үйренуде

«РОТА, ӘНМЕН АЛҒА АДЫМ БАС!»

Сарбаздар қайда барса да саппен, тәртіппен жүреді. Сапта сымдай тартылып тұрып, әнмен адым жасауы керек. Әнсіз, алқам-салқам, теңселіп кетіп бара жатқан сарбазды көрмейсіз. Үстіндегі киімінен бастап, бәрі жып-жинақы. Жағасы тап-таза әрі аппақ. Оны да кір шалдыруға сарбаздың хақысы жоқ. Сақал-мұрт өсіп, шаш жалбырамау керек. Киімінде олпы-солпы ештеңе жоқ. Тәртіп деп осыны айтыңыз.

Күні бұрын жас сарбаздар «Спасск» орталығына барып, алғаш рет атыс жаттығуын өткізген екен. Ол жерде «АК-74» автоматын қолданып, жаяу ұрыс машинасымен ұрыс тактикаларын үйренген. Бұл жаққа тек сарбаздар мен әскери адамдар баруға құқылы. Сарбаздар әуелі «АК-74» автоматымен атыс дайындығынан өткен. Қашықтағы нысананы көздеп, дәлдікке жаттығыпты. Алдағы уақытта жас сарбаздар батальонға қабылданғаннан кейін полигонға аптасына екі мәрте барып тұрады. Әу бастағы мақсатым – сарбаздардың ұрыс даласындағы бір күндігін қағазға түсіру еді. Алайда, бұған рұқсат берілмеді.

– Мұндағылардың басым бөлігі – қатарластарым. Тез тіл табысып кеттік. Әскери өмірден бұрын, ауа райына үйренісе алмай жүрмін. Біз жақтағыдай емес, салқын. Нысана атқанда сержанттың кеңесімен әрекет жасадым. Алдағы уақытта осы көрсеткішімнен де асып түссем деймін. Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеп, Семей қаласындағы әскери бөлімде келісімшартпен қызмет істегім келеді, – дейді полигондағы атыс жаттығуы кезінде мергендігімен көзге түскен өскемендік Ақжол Ахмадиев.

Нысана көздеу үстінде

АВТОМАТТЫ 12 СЕКУНДТА ЖИНАУ – МІНДЕТ

Сарбаздар күнделікті жаттығулардың барлығын уақытқа орындайды. Мәселен, шашылған «АК-74» автоматын қайта жинау үшін оларға бар болғаны 12 секунд беріледі. Келгендеріне аз болса да, күнделікті жаттығудың нәтижесінде қалыптасып қалған. Мен де жинап көрген едім. Алайда, маған 1 минут та жетпеді. Яғни, дағды қажет.

Әскери бөлім – ауқымды аймақты алып жатыр. Сарбаздарды дайындау үшін түрлі спорттық құрылғылар орнатылған. Ұзындығы адам бойымен қазылған окоп пен нысанасы және бар. Окопқа жатып, нысана көздеудің де жөні – бөлек. Егер, дұрыс жатпасаң, оққа ұштым дей беріңіз. Қаруды оқтау үшін де еркін қимылдау керек. Бұл кезде аяғыңыз басты қызмет атқарады. Ыңғайыңызға бұрылатындай аяқты жерге дұрыс тірей білу керек.

Суворовтың «Трудно в учении – легко в бою» деген мәтелге айналған сөзі осы екен ғой» деп ойладым.

«РОТА, ҰЙҚЫҒА ЖАТ!»

Тәртіп бойынша ұйқыға жататын уақыт – 22:30. Бұған дейін сарбаздың ұзақ күні сапта өтеді. Таңғы 6:30-ға дейін – ұйқы. Сарбаздың 365 күнінің біз көрген бір күні – осындай…

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button