Жаңалықтар

Санақ ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды!»

Ұлттық халық санағы биыл «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» ұранымен ұйымдастырылады. Санақты екі кезеңмен өткізу жоспарда. Біріншісі – дайындық, екіншісі – негізгі. Тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар мен құрылыстардың тізімдерін, сондай-ақ, ондағы тұрғындарды нақтылауға дайындық кезеңі 2021 жылдың 1-30 маусым аралығында өтеді. Осы кезеңде мекенжай деректері елдімекен үшін картографиялық материалдарда нақтыланады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ұлттық санақ-2021» тақырыбында өткен брифингте облыстық статистика департаментінің басшысы Жанат САДЫҚОВА мәлімдеді.

Ұлттық халық санағының негізгі кезеңін 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өткізу жоспарланған. Халықтың деректерін жинау екі жолмен жүзеге асады. Интернетсұхбат және үй шаруашылықтарын аралау. Үйлерді аралау кезінде интервьюерлер планшет қолданады.

1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында ел тұрғындары санақ жүргізудің мамандандырылған sanaq.gov.kz. сайтында онлайн тәртібінде өздері мен отбасы мүшелеріне санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. Жүйе тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл респондентке санаққа қатысуға қолайлы уақытты таңдауға ыңғайлы болмақ. Сонымен бірге, сайтта мәліметті толтыруды тоқтатып, кейінірек жалғастыратын мүмкіндік қарастырылған.

Жаппай халықтан сауалнама алу 1-30 қазан аралығында өтеді. Алынған жауап, мәліметтерді интервьюерлер планшетке енгізеді. Интернет сауалнамадан өткендер интервьюердің сауалнамасына жауап бермейді. Халықтан сауалнама алу кезінде әр адамның ЖСН-і қолданылады. Ол мәліметтерді қайталап енгізбеу үшін қажет. Санақ кезінде тұтас республикада «1446» бірыңғай байланыс орталығы және 8 8000 800 878 нөмері де жұмыс істейді.

Ұлттық санақ жүргізген кезде интервьюердің куәлілігі болуы тиіс. Онда оның аты-жөні, куәліктің берілген күні және оның қолданылу мерзімі, статистика департаменті басшысының қолы мен мөрі қойылған фотосуреті бар. Санақтың өзіндік белгісі бейнеленген көк портфель ұстап, көк шарф тағады. Жалпы, Қарағанды облысында халық санағына дайындық және өткізу үшін 2600-ге жуық адам тартылады.

«Облыс аймағында 4 мамырдан бастап 30 қарашаға дейін ұлттық халық санағына дайындық және өткізу бойынша 73 нұсқаушы тартылады. Дайындық кезеңіне 1,5 айға – 25 мамырдан 8 шілдеге дейін, шамамен, 80 нұсқаушыбақылаушы қабылданады. 1 айға – 1-30 маусымда 570-ке жуық интервьюер. Негізгі кезеңге, 240 нұсқаушы-бақылаушыны 1,5 айға (24 қыркүйектен 7 қарашаға дейін) және 1 айға (1-30 қазан) 1700 интервьюерді қабылдану жоспарланады», – дейді Жанат Садықова.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button