Салғырттық сан соқтырмасын десеңіз…
Жылыту маусымында газ жабдықтарын пайдалану, олардың жарамдылығын қадағалау, түтін және желдету арналарына күтім жасау сынды өзекті мәселелер өңірлік коммуникациялар алаңында өткен «Әр үйге қауіпсіз газ: авариялық қызметтердің қысқы кезеңге дайындығы және тәуекелдердің алдын алу шаралары» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында талқыланды. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ, қалалық тұрғын үй инспекциясы және облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Спикерлер әсіресе, жабдықтарды алдын ала тексеру, қызмет көрсету туралы шарт жасасу және төтенше жағдай кезіндегі дұрыс әрекет ету тәртібіне назар аударды.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы бас инженерінің міндетін атқарушы Ділдәбек Күлтеміров табиғи газдың тұрмысқа қолайлы болғанымен, қауіпсіздік ережелерін сақтамау адам өміріне қатер төндіретінін ескертті.
– Жылыту маусымы басталар алдында газ жабдықтарының техникалық жай-күйін тексеру аса маңызды. Тұрғындар газ қазандығына, газ плитасына, су жылытқышқа және өзге де газ аспаптарына уақтылы техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуі керек, – деді ол.
Маманның айтуынша, жабдықтың сырттай дұрыс жұмыс істеуі оның қауіпсіздігіне кепіл емес. Жылыту маусымы алдындағы тексеріс кезінде байқалмаған ұсақ ақаудың өзі кейін елеулі қатер туғызуы ықтимал. Газ аспаптарына техникалық қызметті тиісті құжаттары бар мамандандырылған ұйымдар жүргізуі тиіс. Түтін мұржасы мен желдету арналары да тексеріліп, қажетіне қарай тазалануы қажет. Ақаулы құрылғыны пайдалануға, газ құбырын өз бетінше өзгертуге, аспапты мамансыз орнатуға немесе жөндеуге болмайды. Газ плитасымен үй жылытуға, жанып тұрған отты қараусыз қалдыруға және желдеткіш торларды жабуға тыйым салынады. Балалардың газ аспаптарын үлкендердің қарауынсыз пайдалануына жол берілмеуі керек.
Газ иісі сезілсе, сіріңке мен оттықты тұтатуға, электр құрылғылары мен жарықты қосып-өшіруге болмайды. Қауіпсіз болған жағдайда газ кранын жауып, терезе мен есікті ашқан жөн. Кейін үйден шығып, айналадағы адамдарға ескертіп, қауіпсіз жерден 104 нөміріне, қажет болса, 112 қызметіне хабарласу керек. Газ шыққан жерді өздігінен іздеп, жөндеуге әрекеттену қауіпті. Мамандар қауіптің толық сейілгенін анықтамайынша, үйге қайта кіруге болмайды.
Тағы бір қатер – түссіз әрі иіссіз көміртек тотығы. Ол түтін мұржасы бітелгенде немесе желдету жүйесі істен шыққанда жиналуы мүмкін. Сондықтан, ауа алмасуын қадағалап, мүмкіндік болса, сертификатталған көміртек тотығы дабылқаққышын орнатқан абзал.
Қарағанды қаласы тұрғын үй инспекциясының бас маманы Саламат Абжанов газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы шарттың міндетті екенін түсіндірді. Бұл талап Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңында көзделген.
– Заңнамаға сәйкес, газ тұтыну жүйелерінің меншік иелері өздеріне тиесілі жабдықтарға техникалық қызмет көрсету туралы шарт жасасуға міндетті. Мұндай шартты газ тарату ұйымымен, тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын жеткізетін топтық резервуарлық қондырғылардың иесімен не өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу құқығына аттестатталған тәуелсіз мамандандырылған ұйыммен жасауға болады, – деді ол.
Ал, тұрмыстық баллондағы сұйытылған газды тұтынушылар баллон сататын газ толтыру станциясы немесе пунктінің иесімен шарт жасасуы керек. Бұл талаптың мәні тек құжат рәсімдеуде емес. Шарт негізінде қызмет көрсетуші ұйым жабдықтың жарамдылығын қадағалап, ықтимал ақаулардың алдын алуға міндеттеледі. Техникалық қызмет көрсету туралы шартсыз газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарын пайдалануға болмайды. Осылайша, тұтынушының да, қызмет көрсетушінің де жауапкершілігі нақты айқындалады.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Елдос Зияда жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Мәлімдеуінше, өңірде жылыту маусымы 1 қазанда басталған.
Атап айтқанда, газдың жылыстауын тексеруге немесе қатып қалған құбыр мен баллонды жылытуға ашық от қолдануға болмайды. Газ аспаптары жанғыш материалдардан қауіпсіз қашықтықта орналасуы тиіс. Баллондар пайдаланылатын не сақталатын ғимараттарға «Өрт қауіпті. Газ баллондары» деген ескерту белгілері қойылады. Газбаллонды жабдығы бар автокөліктерді жерасты және жабық паркингтерге қоюға тыйым салынады.
Департамент жергілікті атқарушы органдар және полициямен бірлесіп, тұрғын үйлерде, автотұрақтар мен газ құю станцияларында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезге дейін 6 522 тұрғын үй қамтылып, 17 259 адамға нұсқама берілген. Газ құю станциялары қызметкерлеріне тұрмыстық баллондарды толтыруға жол бермеу талабы да түсіндірілген.
– Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптарды орындау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан, тұрғындарды белгіленген өрт қауіпсіздігі қағидалары мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Кез келген немқұрайдылықтың арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін, – деді Елдос Араратұлы.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында мамандар журналистер мен тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Авариялық қызметтің іс-қимылы, газ баллондарын пайдалану және өрт қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалмады.
Ортақ түйін біреу. Газ қауіпсіздігі салға жауапты мекемелерге ғана емес, әр үй иесінің жауапкершілігінде. Жабдықты уақытылы тексертіп, шарт жасап, желдету жүйесін бақылау – ықтимал төтенше жағдайдың алдын алудың ең қарапайым жолы екенін ұмытпаған жөн.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



