Бас тақырып

Сайлаудың әділ өткеніне сенім мол

Президенттік сайлауда дауыс санаудың алдын ала қорытындысы бойынша сайлаушылардың 81,31% дауысын жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде жеңіске жетті. Бұл – Орталық сайлау комиссиясының дерегі негізінде жасалған болжам. Дауыс беру көрсеткішінде біраз облысты оздырғанымен де, тізімнің бел ортасына орналасқан Қарағандының көрсеткіші – 78,39%. 642 сайлау учаскесінде таңдау жасаған қарағандылықтар бұл сайлаудың өзге сайлаулармен салыстырғанда атмосферасының да өзгеше болғанын айтуда.

Сайлаудың әділ өткеніне сенім мол

Президент сайлауы алдағы жеті жылда еліміздің даму жолын айқындайтын маңызды саяси шара болғандықтан, қарағандылық сайлаушылар оған бейжай қараған жоқ. Учаскелер ашылғаннан халықтың белсенділігі жоғары. Таңдауын жасауға асыққан үлкеннің де, кішінің де биылғы сайлауға деген үміті де, сенімі де зор. Дәл осы жолы жан-жақты ойланып, нақты таңдау жасауына мүмкіндік жасалды. Кеңестік жүйеден түбегейлі ада, мүлдем жаңа жүйеге көшуді көздеген Қасым-Жомарт Тоқаевқа, әйелдер мен балаларды қолдауға уәде еткен Қарақат Әбденге, Президент уәкілеттігін қысқартамын деген Нұрлан Әуесбаевқа, ауыл үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген Жигули Дайрабаевқа, болмаса, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұрамын деген Салтанат Тұрсынбековаға, барлық әкім сайлануы тиіс деген Мейрам Қажыкенге дауыс берді. Таңнан тұрып, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беру дәстүрінен айнымаған үлкендер балалары мен немерелерін де қалдырмай ерте келген.

Облыс орталығының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінде орналасқан №789 сайлау учаскесінде 2195 сайлаушы тіркелген.

– Халық биылғы сайлауда ерекше белсенділік танытуда. Сайлау комиссиясы мүшелерімен бірге учаскені ашып, алғашқылардың бірі болып, дауыс беруге асықты, – дейді учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Жанболат Пушай.

Тұрғындардың сайлауға деген көзқарасының өзгергенін де айтады учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері. Мәселен, сайлау учаскелеріне ешқайда тіркеуде жоқ азаматтар Президент сайлауынан тысқары қалғылары келмейтіндіктерін айтып, дауыс беруге келген.

Тіркеуде жоқ азаматтарды тәртібі бойынша сайлау учаскесіне бір күнге тіркеуге отырғыздық. Оларға бұл тек уақытша ғана екенін, кейіннен тұрғылықты жері бойынша тіркелулері керек екенін ескерттік, – дейді учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері.

Жалпы, Қарағанды облысында 642 сайлау учаскесі бар. Осы учаскелерде тіркелген 770 мыңға жуық сайлаушының 6890-ы – алғаш рет дауыс берсе, 1841-і – 90 жастан асқандар. Сайлаудың болашақ үшін аса маңызды екенін түсінген қарағандылықтар сайлау учаскелері ашылғаннан-ақ жақсы көрсеткіш көрсетті.

Мәселен, таңғы сағат 10.00-де қарағандылық сайлаушылардың 32,27%-ы өз таңдауын жасаған. Қарағандылықтардың сайлауда белсенділігін Орталық сайлау комиссиясының мәліметінен де көрінді.

«Дауыс беру көрсеткіші бойынша қарағандылықтар алда. Астана уақытымен сағат 10.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 23,37%-ы таңдауын жасады. Шымкент пен Қызылорда тұрғындары да белсенді. Алматы қаласында — небәрі 8%» делінген деректе.

Ал, түске таман, яғни, сағат 12.00- де 770 мыңға жуық сайлаушының жартысына жуығы дауыс беріп үлгерсе, сағат 18.05-те бұл көрсеткіш 77,80%-ға жетті. Дауыс беру аяқталып, учаскелер жабылатын кездегі, яғни, сағат 20.00-дегі деректер облыс сайлаушыларының 78,39%-ы дауыс бергенін көрсетті. Белсенділік танытқан – Осакаров ауданы. 40 сайлау учаскесінде сайлаушылардың 84,77%-ы дауыс беріп, облыстың өзге өңірлерімен салыстырғанда алға шықты.

Дегенмен, өзге аудандар да қалыс қалмады. Мәселен, 39 сайлау учаскесі бар Ақтоғай ауданы тұрғындарының 84,48%-ы дауыс берсе, Бұқар жырау ауданының 84,49%-ы 51 сайлау учаскесінде таңдау жасады. Қарқаралы халқының да 84,26%-ы сайлауға келгенін айту керек. Бұл ауданда барлығы 49 сайлау учаскесі бар.

Дауыс беруде белсенділік танытқан аудандардың бірі – Нұра ауданы. 34 сайлау учаскесіне сайлаушылардың 84,39%-ы дауыс берген. Шет ауданының тұрғындары да қалыс қалмады. 56 сайлау учаскесінде дауыс бергендердің пайыздық көрсеткіші – 84,15%.

Сайлаушылар саны бойынша ең аз дауыс берген – Теміртау. Бұл жердегі 59 сайлау учаскесінде 76,24 пайыз сайлаушы бюллетень парағын алған. Облыс орталығы – Қарағандыдағы 180 сайлау учаскесінде сайлаушылар 76,23% дауыс беріп, өз таңдауын жасады.

Сонымен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экзитполдардың деректері бойынша 82,45% дауыс жинаған. Ал, қалған үміткерлерде 4%- дан аз дауыс. Барлығына қарсы дауыс бергендер – 5,2%.

Ал, Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн. 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 5,8% сайлаушы таңдаған. Яғни, экзитполдардың да, Орталық сайлау комиссиясының деректерінде алшақтық небары 1%. Мұның өзі сайлаудың әділ өткенінің айқын көрсеткіші.

Салтанат ІЛИЯШ 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button