Сахалинге су құбыры тартылады
Қарағанды облысы аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтсақ, Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданы Сахалин кентінде су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы сәтті жүріп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін кентте 1 100-ден астам тұрғын орталық су және кәріз жүйесіне қосылады.
Бұған дейін жергілікті атқару органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарына кент тұрғындары орталық су құбыры және кәріз желілерінің жоқтығына қатысты шағымданған болатын.
Сахалин кентінде су құбыры және кәріз желілері құрылысының жобалық құжаттамасын әзірлеу 2022 жылы басталған. Биыл мамыр айының ортасында Сахалинде су және кәріз желілер құрылысы басталды. Жоспар бойынша шамамен 9 шақырым су және 4,5 шақырым кәріз құбырлары төселді. Жобада ұзындығы – 9147 метр жаңа су құбыры және 4 498 метр кәріз желілері көзделген. Ал, қазіргі таңда 1500 метр су және 350 метр кәріз құбыры жүргізілген.
Мердігердің айтуынша, мамыр айында басталған жобада материалдар мен жұмыс күшіне қатысты мәселе жоқ.
Жобаға бюджеттен 400 миллион көлемінде қаржы бөлініпті. Бұл туралы арнайы өткен баспасөз турында жауапты мамандар кеңінен айтып берді.
– Сахалин кентінде су құбыры және кәріз желілерін салу жобасы халықты таза ауыз суға қол жеткізуі жөніндегі өңірлік бағдарламаларды орындау шеңберінде іске асырылып жатыр. Жұмыс бүгінде белсенді. Шамамен 1,5 шақырым сумен жабдықтау құбыры және 300 метр кәріз салынды. Жұмыстар бір мезгілде екі бағытта жүргізіліп жатыр. Жобаны биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сахалин кентін толығымен сумен қамтамасыз етуге барымызды саламыз. Содан кейін міндетті түрде асфальттауға кірісеміз. Кентте 1100-ден астам тұрғын бар. Сахалин кентінің кейбір тұрғындарында су тапшылығы мәселесі жоқ. Алайда, 40-50 жыл бойы бұл кентте су құбыры мен кәріз желілері болмағанын мойындаймыз. Су құбыры мен кәріз желісі бір жоба болғандықтан бюджеттен 400 миллиондай қаражат бөлініп отыр, – деді қалалық ТКШ және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жанболат Тоқмұрзин.
– Нысанда 3 экскаватор, 1 фронтальды тиегіш және 12 адам жұмыс істейді. Жұмысты жалғастыру үшін 2250 метр су және 2200 метр кәріз құбыры, сондай-ақ, темірбетонның, бекіту арматурасының пропорционалды көлемі жеткілікті.
Құрылысқа Саран зауытынан алынған жергілікті өндірушілердің құбырлары мен темірбетон сақиналары қолданылып жатқанын атап өткен жөн.
– Бізде бәрі жеткілікті. Жұмыскерлер өз жұмыстарын тиянақты атқару үстінде. Жабдықтардың сапасы стандартқа сәйкес келеді. Саран қаласындағы «QazTehna» зауытының техникасын қолданудамыз. Бұл аумақтағы топырақ құнарсыз. Соның салдары бізге жұмысты жедел аяқтауға кедергі келтіріп отыр, – дейді мердегер «Агроремпромстрой ЖСС» басшысының орынбасары Асқар Аукешов.
Жауапты мамандар құбыр жөндеу жұмыстарын кеш бастау себебін қыс аяғының созылып кетуімен байланыстырады.
– Жаңа желілерге төрт көшенің тұрғындары қосыла алады. Атап айтсақ, Тельман, Коммунистік, Линейная және Литвин көшелері. Бұл – 400 үй. Құрылыс келешекті ескере отырып жүргізіліп жатыр. Болашақта қосымша абоненттерді қосуға мүмкіндік болады. Су құбырлары жетіспейтін аумақтарға да жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Жанболат Тоқмұрзин.
Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін жауапты мамандар аймақты ауыз сумен толық қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Гүлім ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Е.Бөкетов атында Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің II курс студенті.