Бас тақырып

Сақтану – өмірдің өз талабы

Осы айда облыс тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің (МӘМС) мүмкіндіктерін Республикада бірінші болып көре бастайды. Пилоттық жобаны өткен аптада Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов келіп, іске қосып кетті. «Іске қосылды» дегенімізбен жаңа жүйенің мән-маңызын әлі де түсіне бермейтіндер қатары көп. Сонда, міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы не білуіміз керек?  

ҚАЖЕТТІЛІК ҚАЙДАН ТУЫНДАДЫ? 

«Басты байлық – денсаулық» деп сан мәрте қайталағанымызбен, оның шынымен де байлық екенін басына түскен ғана жақсы сезінеді. Себебі, қазір «дәрігерге бардым» дегенше, қалтаңдағы қаражаттан қағылдым деп айта беретін заман болып тұр. Мұны министрліктегілер де мойындап, «қазақстандықтардың кейінгі 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласына өз қалталарынан жұмсайтын шығындары 40 пайызға артты» деп мәлімдеуде. Шығындарымыздың артуының түп төркіні – халықтың жекеменшік емдеу мекемелерін құп көретіндігінде. Себебін қазбаласақ, тегін көмектің көрсетілу уақытының ұзақтығы, емханалардың басым бөлігінің жаңа медициналық аппараттармен жабдықталмауы, маман тапшылығы деп жалғасып кете береді. Осының салдарынан мемлекеттік және жекеменшік мекемелер қызметінің сапасында алшақтық бар. Оны жою үшін қаражат қажет. Мемлекеттің денсаулық саласына бөлетін қаржысы жыл сайын артса да жеткіліксіз. Себебі, онымен қоса халық саны да, олардың өмір сүру жасы да артуда, сондай-ақ, түрлі созылмалы дертке шалдыққандар қатары да жыл сайын көбеюде. Мәселенің шешімі – халық денсаулығын сақтандыру жүйесін енгізу арқылы жаңа қаражат көзін тарту. 

ЖАҢА ЖҮЙЕ НЕ БЕРЕДІ?

 Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылардың жарнасы арқылы мемлекет медициналық қызмет көрсететін мекемелердің жағдайы мен мамандардың еңбекақысын арттырмақ. Мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелердегі тарифті теңестіру арқылы сапаны да, дәрігерлердің жағдайын да жақсартамыз деп отыр. Жақында аймаққа келіп кеткен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов келесі жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға өсетінін айтты.  

Ал, қарапайым халықтың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алу мүмкіндігі туды деп сендіруде. Медициналық сақтандыру аясында екі пакет – тегін көмектің кепілдік берілген көлемі және сақтандырылғандарға көрсетілетін көмек бар.

Аталған екі пакеттің айырмашылығы қандай? Еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындарға осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар ауруларды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді. 

Ал, жарна төлеп сақтандырылғандар аталғандардан бөлек мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек, құны қымбат ота жасату кезінде артықшылықтарға ие болады. Былайша айтсақ, құны 15-20 мың болатын МРТ мен КТ сақтандырылған азаматтар үшін тегін жасалады. Ол үшін науқаста осындай зерттеулердің қажеттілігін растайтын учаскелік дәрігердің жолдамасы болуы және сақтандыру жүйесіне қатысуы шарт. Мұндағы маңызды жайт – сіздің сақтандыру шотыңыздағы қаражат мөлшері емес, жаңа жүйенің қатысушы болуыңыз. 

ЖАҢА ЖҮЙЕГЕ ҚАЛАЙ ҚАТЫСАМЫЗ? 

2018-2019 жылдан бері жұмыс істеп жатқан барлық қазақстандықтар жаңа жүйенің қатысушысы болып табылады. Олар үшін қазіргі таңда жұмыс берушілері ең төменгі жалақының 1,5%-ын төлеуде. Келесі жылы МӘМС тұтастай енгізілген кезде ол 2%-ға, 2021 жылы 3%-ға артады. Сондай-ақ, бұған қосымша негізде жұмыс істеушілер де келесі жылы айлық еңбекақысының 1%-ын, одан кейінгі жылы 2%-ын сақтандыру жүйесіне аударатын болады. 

Осы орайда халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алғанын айта кеткен жөн. 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер және тағы басқалар кіретін 15 санат анықталып, олар үшін төлемдерді келесі жылдан бастап мемлекет жасайды. Ал, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған санаттағы адамдардың жайы басқа. 

Дәп осы санаттағы азаматтарды тіркеуге алу мәселесі себепті МӘМС екі жыл бұрын енгізілмей қалған болатын. Жеке кәсіпкерлер қазір қарамағындағы жұмыскерлеріне 1,5% төлеуде. Өздері үшін келесі жылдан бастап, ең төменгі жалақы мөлшерінен 5% төлейтін болады. Ол 2275 теңгені құрайды. Шаруа қожалықтарының иелері, азаматтық-құқықтық келісім-шартпен жұмыс істейтіндер де осы механизммен төлем жасайды. 

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған такси жүргізушілері, базардағы сатушылар, репетитор, қазір көбейіп кеткен маникюр жасайтын адамдар, яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер бірыңғай жиынтық төлемін (БЖТ) төлеу арқылы сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Биылғы жылдан қабылдана бастаған төлем арқылы жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарнасын, әлеуметтік төлем және осы сақтандыру жүйесін төлеуге болады. Әрі оның көлемі 1 АЕК – 2525 теңге. Оны ай сайын кез келген банкке барып жүзеге асыруға болады. БЖТ төлегісі келмеген жағдайда келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы көлемінің 5%-ын тек МӘМС үшін ғана аударатын болады. 

Аты айтып тұрғандай, жүйе міндетті саналады. Сондықтан, одан жалтару белгілі бір әкімшілік жаза қолдануға алып келеді. Сондай-ақ, оған кешігіп кірген жағдайда заңға сәйкес сақтандырылған азамат мәртебесін алу үшін 12 айдың берешегін өтеу қажет болады.

ПИЛОТТЫҚ ЖОБА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ? 

Жыл соңына дейін облыста жүзеге асырылатын пилоттық жоба медициналық сақтандыру жүйесінің іс жүзіндегі қолданысын бақылап, кем-кетік жерлерін анықтауға әрі оларды жоюға бағытталған. Аймақтың денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру деңгейінің басқа өңірлермен салыстырғанда анағұрлым жоғары екендігі таңдаудың Қарағандыға түсуіне себеп болып отыр. Оның үстіне, 1,4 млн. тұрғынын тіркеуге алу мәселесінде де біздің облыстың көрсеткіштері жақсы. Бүгінгі таңда жұмыс істейтін 549 мың қарағандылық сақтандыру қорына 15,4 млрд. теңге жарна аударып үлгерген. Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін 2,3 млрд. бөлінді. Соның есебінен профилактикалық тексеруден өткізу, медициналық оңалту шаралары жүргізілетін болады. 

МӘМС жүйесімен келісімшарт жасасқан 118 медициналық мекеме жаңа жүйеде жұмысты бастады. Оларда құны 72 млрд. теңге болатын тегін медициналық көмек көрсетіледі деп күтіледі. Жаңадан ашылған жобалық кеңсе нормативтік-құқықтық актілерді, ақпараттық жүйелерді жетілдіру, сатып алу, ақы төлеу және тарифтер тәртібін жетілдіру бойынша жұмыс жасайтын болады. Одан бөлек тұрғындар байланыс орталығының 1406 номері бойынша барлық сұрақтарына жауап ала алады. 

Жаңаның аты – жаңа. Бірден жүйелі жұмыс істеп кетуі – екіталай. Оның үстіне, денсаулық сақтау халықтың әл-ауқатының айрықша көрсеткіші екенін ескерсек, жауапкершіліктің еселей түсетіні анық. Сайып келгенде, өзгерістің дені қарапайым халық қаражаты негізінде жүзеге асырылатынға ұқсайды. Сондықтан, оның жемқорлардың жемсауында кетпей, мақсатты жұмсалуына барлық тараптар мүдделі.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button