Баспасөз мәслихаты

Саңлақтар үмітті ақтады

Жуырда Татарстанның Қазан қаласында жастар (18-20 жас) мен ересектер (21 жастан асқан) арасында ММА спортынан Еуропаның ашық құрлықтық Біріншілігі өткен еді. Онда жастар арасында 77 келіге дейінгі салмақта Данил ГУБИН алтын медаль еншілесе, Аңсар ҚАСЫМЖАНОВ 83 келі салмақта қолаға қол жеткізді. Осыған орай, облыстық спорт басқармасы ғимаратында өткен баспасөз мәслихатына жауынгерлік өнер ассоциациясының президенті Ерден ХАЛИЛИН, облыстық ММА спорты федерациясының жетекшісі Владимир АБРОСИМОВ және жаттықтырушылар мен жеңімпаз спортшылар қатысты.

Финалда Данил Губин Алматы облысынан келген Досжан Кенжебаевпен жеңіс үшін күресті. Жекпе-жек өте тартысты болды. Төрешілердің шешімімен жер лесіміз Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды.

Төрт жарыс күнінің қорытындысында, Қазақстан құрамасының қоржынына 3 алтын, 7 күміс және 8 қола медаль түсті. Жастар арасындағы Еуропа чемпионатының командалық есебінде Қазақстан құрамасы Ресейден кейінгі II орында. Ал, ересектер арасында біздің команда IV орынға табан тіреді. Жалпы есепте, ел құрамасы III орынға ие болды.

– ММА-мен 6 жасымнан бері айналысамын. Бұл чемпионат мен үшін оңай болған жоқ. Себебі, жарақатыма қарамастан өнер көрсеттім. Ол жарақатты сайысқа шығар алдында алғанмын. Бірақ, бұл лайықты өнер көрсетуге кедергі болған жоқ, – деді Данил Губин.

Жарыста ел намысын 27 спортшы қорғаса, кеншілер аймағынан 2 спортшыны тұлпардай жаратып жіберген едік. Екеуі де олжалы оралды. Чемпионатта жалпы 14 елден 252 спортшы бақ сынағанын айта кету керек.

Баспасөз мәслихатында спортшылар һәм олардың жаттықтырушылары спорт жарысынан алған әсерімен және алдағы жоспарымен бөлісті. Ерден Халилин мырза көк туымызды желбіреткен саңлақтарды жеңісімен құттықтап, облыстық жауынгерлік өнер ассоциациясының Алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыстады. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бұдан бөлек, жиынға TOP TEAM MMA KARAGANDA клубының жартылай орта салмақтағы кәсіби спортшысы Бауыржан Қуанышбаев қатысты. Ол Алматы қаласында өткен OCTAGON 22 & BRAVE 53 кәсіби промоушені аясында кезекті кездесуін өткізіп, мерзімінен бұрын техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бауыржан жартылай орта салмақтағы Octagon промоушенінде чемпиондық белдіктің жеңілмеген иегері екенін айта кеткен жөн

Басқа материалдар

Back to top button