Сәтбаевта – Қала күні мейрамы
Кеншілер шаһарының жұртшылығы Қала күні мерекесін өзгеше реңде, көңілге аса қонымды жағдайда атап өтті. Төтесінен тарта салсақ, жергілікті тұрғындардың Сәтбаев қаласын сырт келбеті тартымды, тұрмысқа жайлы мекен етуге шынайы пейілмен құштарлық танытатыны қашанда аңғарылып тұрады. Мерекелік бағдарлама аясындағы басты жиында тұрғындар мен қала қонақтарына сөз арнаған қала әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ осынау ерекшелікті бөле-жара атап өтті.
Биыл қала мәртебесін иеленгеніне 44 жыл толған кеншілер тұрағының әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінде қол жеткізген жетістіктері расында аз емес. Қаланы қалыптастырушы кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясының тұрақты қызметі және аталған алып компанияның жергілікті әкімдікпен тізе қоса әрекет етуге мүдделі болуы нәтижесінде жағымды жайттар орын алуда. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың еңбекпен қамтылу деңгейі артуда. Тиісінше, қала бюджетінің қоржыны салмақты бола түсуде.
Қала құрылысы саласында да айтарлықтай ілгері басушылықтар бар. Тұрғындар тілегімен үндес шыққан «Нұрлы мекен» шағынауданы аумағындағы жұмыстар ауқымы тиянақталуға жақын. Бұдан тысқары, жаңа 8-ші шағынауданда коттедждер қалашығын салу жобасы қолға алынды. Онда 107 тұрғын үй бой көтеріп, халық игілігіне берілмекші. Бүгінгі күні қаладағы ең заманауи білім ошағы саналатын 600 оқушыға арналған жаңа мектеп өз шәкірттеріне есігін айқара ашты.
Қалаішілік автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына ерекше екпін берілген. Алаңдар абаттандырылып, су бұрқақтары қалпына келтірілуде. Тұрғындардың, оның ішінде, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына мейлінше қолайлы жағдай тудырылуда. Сөз орайы келгенде жергілікті атқарушы биліктің жоспарында жаңа гүлзарлар мен саябақтар құрылысын жүргізу шаралары тұрғанын атап өткен ләзім.
Басқа бағыттардағы жағымды жайттармен қатар, кәсіпкерлік саласында да белсенділік белең алып келеді. Бұл тұжырым Қала күні аясындағы іс-шаралар барысында тағы бір мәрте айғақтала түсті. Мерекелі күні екі бірдей жаңа нысанның тұсауы кесіліп, іске кірісті. Оның алғашқысы, «Жағыпарова Меруерт Құрманғазиевна» жеке кәсіпорны қолданысқа енгізген макарон өнімдерін өндіретін «Ханум» кәсіпорны. Жалпы құны 100 млн. теңгені құрайтын нысан жылына 600 тонна сапалы өнім шығаруға қабілетті. Ол толық қуатына енгенде қала тұрғындарының сұранысын 94 пайыздық деңгейге дейін қамтамасыз ететін болады. Жаңадан 5 жұмыс орны құрылған кешенде жайма және макаронның 11 түрі өндірілмекші.
Қала күні мерекесінде тұсауы кесілген нысанның бірі – «Ұлытау тревел» қонақ үй-туристік кешені. Тыңнан тұрғызылған жаңа қонақ үй кешенінің өзгелерден өзгешелігі, яғни, басты артықшылығы – меймандарға жайлы жатын орын және дәмді ас-ауқат түрлерін ұсынуымен қатар, туристік қызмет көрсетуді жоспарлауында. Нысанның иесі – белгілі кәсіпкер, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Әбутәлі Еңсебаевтың айтуынша, қала меймандары мен туристерді Ұлытаудың туристік бағыттарымен жүргізудің алғышарттары толығымен қарастырылған. Соған орай, мейлінше оңтайлы әрі тиімді мүмкіндікті әркімнің өз сұранысы мен талап-тілегіне сай пайдалануына болады. 100 млн. теңге көлемінде инвестиция салынған нысанда 10 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Сәні келіскен ғимараттың ашылу салтанатына қала әкімі Асқар Ыдырысов, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, танымал әнші-продюсер Қыдырәлі Болманов, сондай-ақ, қаланың Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері мен жалпы жұртшылық қатысты.
Кешкілік қала жұртшылығы жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады. Дәл сол күні қараңғылық қоюлана қаланың орталық алаңында кеншілер мекеніне қала басшысы Асқар Абылайұлының арнайы шақыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде келген Қазақстан эстрадасының жұлдызды жұбы Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және «Ұлытау» тобы әнсүйер қауымның құлақ құрышын қандырды. Ән әлемінің көгінде қалықтаған қос жұлдыз қолайлы сәтті ұтымды пайдаланып, жерлестері үшін өздерінің елге мәлім «Бал бала» жобасының таныстырылымын өткізді. Соның арқасында балғын сәтбаевтықтар ойламаған жерден олжалы болып қалды.
Мерейді өсірген іс-шаралар тізбегін мерекелік отшашу түйіндеп берді.
СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген Е.ВАНЮШОВ.