Қарқаралы

Сұранысқа сай нысан

     Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен қанат қаққан «Туған жер» бағдарламасының елге тиер пайдасы мол болары сөзсіз. Міне, бағдарламаның жарқын мысалы – Қарқаралы ауданының орталығында «Азиз» сауда орталығының ашылуы болды.

Ауданда «Азаматтық жобалар картасы» базалық жобасы қарқынмен қолға алынуда. Аталған нысан жоба аясына енгізілген.

Ғимараттың салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Халел Мақсұтов жаңадан ашылған нысанның халық тұрмысын жақсартудағы маңызына мән берді. Және қала көркін аша түсуге қосылған қомақты үлес екендігіне тоқталды.

Заманауи жобамен салынған ғимарат қос қабатты. Бірінші қабатта киім-кешек, аяқ киім қатарлары орын тепкен. Шаштараз, сән салоны, тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелері орналасқан.

Үстіңгі қабатта бос тұрған орын жоқтың қасы. Тағы бір қуантарлығы, келешекте «Жезқазғанэнергосбыт» ЖШС-нің төлемақы қабылдау бөлімдері сынды коммуналдық мекемелердің пункттері осы жерге орналаспақ. Коммуналдық төлем төлеу үшін қаланың шетіне сапарлайтын тұрғындар үшін бұл ыңғайлы орын болары сөзсіз.

Сауда орталығының иесі, кәсіпкер Бауыржан Қабышевтің айтуынша, нысан құрылысы былтыр басталған. Құны 25 млн. теңге болатын құрылыс жұмыстары мемлекеттік қолдаулар арқылы жүргізілген. Келешекте ғимарат аумағын кеңейте түсуді көздеп отыр.

– Әкімдік тарапынан қолдау көрсетілді. Көп қиындық, іркілістер бола қойған жоқ. Болашақта ғимаратты кеңейтуді қолға алмақпын. Себебі, сауда үйі бүгін ашылса да, ішінде бос орын жоқ. Яғни, кәсіпкерлер тарапынан орынға сұраныс бар, – дейді кәсіпкер.

Сауда үйінің ашылуына жиналған көпшілік өзіне қажетті тауарды сатып алып жатты. Сондай-ақ, қуанышты күнге арнайы жайылған кең дастарқаннан дәм татты. Ауыл ақсақалдары ел игілігін ойлаған жігітке баталарын берді. «Елдің дәулетін еселеп, қаланың сәулетін кіргізер мұндай берекелі істер келешекте де жалғасын таба бергей», – дейді тілеуқор жұрт.

Бану МҰҚАШЕВА.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button