Руханият

«Сүйікті қалама сый»

Облыстың тарихи-өлкетану мұражайында Қарағандының 90 жылдығына арналған акция өтті. Пластикалық және қозғалыс студиясының өкілдері мұражайға 20-дан астам экспонат әкелді. Олардың арасында 1943 жылы шыққан сабын бар.

Сурет ұйымдастырушылардікі

– Бұл сабын Ұлы Отан соғысының ортасында жасалған. Сондай-ақ, Кеңес дәуіріндегі айран мен сүт құйылған шыны екі бөтелке бар. Металл бұйымдары зауыты «Балдырған» велосипедтерін және осы үш доңғалақ арба қалай жасалғанын көрсететін сыз­ба сыйлады. КСРО-ның эскиздері мен сызбаларына арналған альбомдар мен дәптерлер бар. Қарағандының аға пионерлерінің бірінші республикалық конференция делегаттарының күнделігі бар, – деді пластикалық және қозғалыс студиясының жетекшісі Дәулет Әбдірахманов.

Студия қатысушысы София Воронова қаланың мерейтойына орай студия тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп, «Сүйікті қалама сый» акциясын өткізуге шешім қабылдаған. Макулатура жинап, сонымен қатар, мұражай қорлары үшін экспонаттар сатып алу үшін жеке жинақтар пайдаланған.

Сондай-ақ, мұражайда «Арқа төріндегі кенді қала» көрмесі ашылып, Қарағанды көмір кен орнын ашушы Аппақ Байжановтың 200 жылдығына орай және Қарағандының 90 жылдығына орай «Кенді өлкенің бастауында» атты кездесу өтті.

Мұрағат құжаттары арасында Қарағанды көмір бассейнінің қалыптасу кезеңдері туралы, ҰОС жылдарындағы қаланың дамуы, соғыстан кейінгі кезең және Тәуелсіздік жылдарындағы қала туралы фотоматериалдар бар. Сондай-ақ, әр жылдардағы шахтерлердің арнайы киімдері, жабдықтары, алғашқы құрылысшылар мен қоныс аударушылардың тұрмыс заттары қойылған.

– Көрменің фото бөлімінде 30 жылдардағы Қарағандыда салынған ғимараттар мен шахталардың фотосуреттері ұсынылған, – деп атап өтті облыстық тарихи-өлкетану мұражайының кіші ғылыми қызметкері Айдана Усманова.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button