Сұңқар Сәкен – ұрпақ жадында

ЖАҚЫНДА СӘТБАЕВ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ІРГЕСІН ҚАЛАУШЫЛАРДЫҢ БІРІ, ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ, ҰРПАҚ ТІЛЕУҚОРЫ СӘКЕН СЕЙФУЛИННІҢ ТУҒАНЫНА 125 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ, «ТҰҒЫРЫНДА – СҰҢҚАР СӘКЕН, ЖЫР СӘКЕН» АТТЫ АЙМАҚТЫҚ ӘДЕБИ-МУЗЫКАЛЫҚ КЕШ ӨТТІ.

Келісті кештің шымылдығы Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры әртістерінің «Сәкеннің соңғы сағаттары» сахналық қойылымымен ашылды. Көңілге мұң ұялатқан көріністен кейін шаһардағы С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары жұртшылықты Сәкен аталарының ғұмыр жолы туралы деректермен таныстырып, өлеңдерін оқыды.

Өңірге танымал әншілер Мақсат Бертаев пен Мадияр Құлашев ақынның «Біздің жақта» әнін нақышына келтіре орындаса, зұлмат заманның зарындай болған «Қоңыр» күйін Асылбек Дәулетбай әсерлі шертті. Жыршы-термеші Мұхамбет Қожахметов «Сәкеннің соңғы әні», «Ақсақ киік» әндерін айтып, басынан тар жол, тайғақ кешулерді өткерген тұлға өміріне қатысты елге беймәлім мәліметтермен бөлісті. «Нұр шашу» би ансамблі бишілерінің «Аққулар» композициясымен үндес ырғақта «Аққудың айырылуы» поэмасынан үзінді оқыған Мұхаммед Жаркенов пен Ардақ Тойлыбаева көрермен көзайымына айналды. Сазгер-ақынның шығармаларын шабыттана шырқаған әншілер Дәуітбек Дәнекеев, Дамир Мизанбаев және Сағымбай Мәлібеков те әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Жергілікті ақындар Мұса Тілеуов, Дәуренбек Бұланбаев, Абай Ораз сиясы кеппеген арнау өлеңдерін оқыды.

Мазмұнды кеш С.Сейфуллин атындағы гимназияның хоры орындаған әдемі әнмен түйінделді.

Өз тілшімізден.