Бас тақырыпОблыс әкімі

Құрылыс сапасына сын айтты

Кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Қарағанды теміржол вокзалындағы жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты. «Қазақстан Темір Жолы» АҚ өкілдерімен бірге жаңа ғимаратты аралаған аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының сапасы бойынша ескертулер жасады. Қазіргі таңда мердігерлер кемшіліктерді жою жұмыстарын жалғастыруда.

– Эскалаторды әлі күнге дейін тапсырған жоқсыздар. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Жолаушылар келтірілген ыңғайсыздықтарға тағы қанша уақыт төзуі керек?! Әлеуметтік желілерде сіздердің жұмыстарыңызға қатысты шағымдар өте көп. Нәтиже қайда, уәде етілген жайлылық қайда? – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі вокзал басшылығына перрондарды қар мен мұздан тазалауға қатысты сын айтты. Жер үстімен жолақтарға өтетін өткел әлі толық пайдалануға берілмеген.

Облыстық МСҚ басқармасының басшысы Алмас Сүлейменовтің айтуынша, құрылыс мерзімдерін бұзғаны және ескертулерді дер кезінде жоймағаны үшін кінәлілер жауапқа тартылады.

– Мердігерге ішкі жұмыстар бойынша да, сыртқы безендіру бойынша да бірнеше рет ескерту жасалды. Аспалы төбе бойынша конструктивтік кемшіліктер анықталды. Пластикалық қалқалар күшейтілген жоқ. Тағы бірқатар ескертулер бар. Олардың кейбірі жойыла бастады. Тек, мердігерді ғана емес, авторлық және техникалық қадағалауды да әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, – деп түсіндірді Алмас Сүлейменов.

 Қарағанды теміржол вокзалы 1956 жылы салынған. Ауқымды қайта құру оның аумағын кеңейтуге және қазіргі заманғы стандарттар бойынша инфрақұрылым жасауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, жолаушылар ағыны екі есе өседі деп күтілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button